Қоғам

Алматы әкімдігі LRT құрылысына байланысты жүргізіліп жатқан жол жұмыстарына қатысты пікір білдірді

Алматы әкімдігі жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің алғашқы кезеңін іске асыру жобасының қай сатыда тұрғанын түсіндірді.

Қазіргі уақытта нысанда негізгі құрылыс жұмыстары басталғанға дейінгі ауқымды дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы бөлімінің басшысы Айдос Желдікбаевтың айтуынша, дайындық жұмыстары ұзындығы 18,3 шақырым болатын учаскені қамтиды.

«Қазіргі уақытта Алматы қаласында LRT-дің алғашқы желісін салуға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Ұзындығы 18,3 шақырым болатын учаскеде инженерлік коммуникацияларды көшіру, қайта орналастыру және қорғау жұмыстары жүргізілуде», – деді Айдос Желдікбаев.

Оның айтуынша, мамандар шаруашылық-ауызсу құбырларын, кәріз желілерін, төмен токты және жоғары кернеулі электр желілерін, сондай-ақ газ құбырларын қайта орналастыру жұмыстарын атқарып жатыр.

Сонымен қатар, көпір құрылыстары мен жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін салу жұмыстары қатар жүргізілуде.

Алматы әкімдігі дайындық кезеңінің сәтті жүзеге асырылуы LRT-дің алғашқы желісін бекітілген кестеге сәйкес әрі қалалық инфрақұрылымның қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып салуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Видео: https://www.instagram.com/reel/DblmcjOInMJ/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=NTc4MTIwNjQ2YQ==