Қоғам

Бөтен адамның eGov аккаунтына кіріп кеткен: тексеріс басталды

Қазақстандық өзінің аккаунтына кірмекші болып, басқа адамдікін ашып қойған.

Қазақстан тұрғыны eGov-тағы жеке кабинетіне кірмек болғанда, өзгенің аккаунтына кіріп кеткен. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ (ҰАТ) жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды 

Қазақстан тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялап, онда өз кабинетіне кірмек болған кезде кездейсоқ біреудің eGov аккаунтына кіріп кеткенін айтқан.

"eGov-қа өз аккаунтыма кірмек болғанымда, біреудің бөтен аккаунтына кіріп кеттім. Бұл қалайша мүмкін?", - делінген жазбада.

Жазбаға қалдырылған пікірлерде автор ноутбугінен одан басқа ешкім электронды үкімет веб-порталын пайдаланбағанын нақтылады. Оның айтуынша, бұл басқа пайдаланушының деректері браузерде сақталып қалу ықтималдығын жоққа шығарады.

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ компания мамандары барлық мән-жайды техникалық тексеруден өткізіп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ ҰАТ қазақстандықтарға eGov аккаунтын қорғау шараларын еске салды. Пайдаланушыларға мынадай кеңестер беріледі:

  • әр сервис үшін бірегей әрі күрделі құпия сөз қолдану;
  • құпия сөзге туған күні, ЖСН немесе телефон нөмірі сияқты жеке деректерді қоспау;
  • eGov, ЭЦҚ, банктік қосымшалар және басқа да сервистер үшін бірдей құпия сөзді пайдаланбау;
  • құпия сөздерді қауіпсіз сақтау және жасау үшін пароль менеджерлерін қолдану;
  • мүмкіндік бар жерде екі факторлы аутентификацияны қосу;
  • ЭЦҚ кілттері мен құпия сөздерді үшінші тұлғаларға бермеу;
  • ЭЦҚ кілттерін тек қауіпсіз жерде сақтау;
  • жаңа ЭЦҚ кілттерін алғаннан кейін жаңа сенімді құпия сөз орнату.

Сондай-ақ компания азаматтарды сақ болуға және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды.