Қоғам

"Ұят жоқ сенде": Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта сотталушының әкесі сөз сөйледі

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта айыпталушының әкесі куәлік берді.

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында сотталушының әкесі Әлмахан Макенов сөз сөйледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Оның айтуынша, ұлы суық қаруға әуес болмаған. Сондай-ақ ол Нұрайдың үйге өз еркімен келгенін және сол күні көңіл күйі жақсы болғанын мәлімдеді.

«Алып қашу мәселесін қозғаған емеспіз. Нұрайды алып қашып келген күні оның жымиып, жайдарлы болып тұрды. Өз еркімен келгені туралы қолхат жазу идеясын мен ұсындым. Себебі қарсы болмағасын жазғаны дұрыс деп ойладым», – деді Әлмахан Макенов. 

Алайда бұл мәлімдемелермен марқұмның әкесі Бауыржан Сағымбек келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, Шерхан қызды күштеп көлікке отырғызып, телефонын тартып алған және Алматыдан Шымкентке алып кеткен. Сондай-ақ қызына ұзақ уақыт бойы психологиялық қысым көрсетілгенін жеткізді.

«Алып қашқан кезде ұлым Сұлтан барып қызымды алып шығып келе жатқанда сен Нұрайды ішке кіргізіп, ұлымды сыртқа шығарып жібергенсің. Сенде ешқандай ұят жоқ!», – деп ашуланды Нұрайдың әкесі.

Бауыржан Сағымбектің пікірінше, егер құқық қорғау органдары қызды ұрлау мен аңдуға қатысты арыздарға дер кезінде назар аударғанда және айыпталушының ата-анасы ұлының әрекетіне ертерек араласқанда, қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді.

Сондай-ақ, ол бұған дейін де Шерханның әкесіне бірнеше рет ескерту жасағанын айтып, ұлының Нұрайды аңдып, мазасын алып жүргенін жеткізгенін мәлімдеді.