Қарағандыда зейнеткер көшедегі балгер үш әйелге 15 миллион болатын алтын бұйымдарын бере салған
Үш алаяқ зейнеткерді алдап соғып, оның 15 миллиондық әшекей затын иемденген.
Қарағандыда үш әйел өзін "емші" әрі "балгер" деп таныстырып, 78 жастағы зейнеткерді 15 миллион теңге тұратын алтын бұйымдары мен ақшасын жымқырған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға өткен жылдың желтоқсанында болды. Үйіне қайтып бара жатқан қарияға көшеде үш бейтаныс әйел жолығып, оны әңгімеге тартқан. Алғашында олар стоматологияға апаратын жолды сұрап, кейін зейнеткерге "жақын адамы салған ескі қарғыс бар" екенін айтқан.
Егер оны қайтармаса, өзіне қымбат адамның өміріне қауіп төнетінін жеткізген. Зейнеткер олардың сөзіне сеніп, айтқандарын жасаған.
“Әйелдер алдымен "тазартатын ине" сатып алуды ұсынып, түрлі ырым-жоралғыларды жасаған. Кейін үйінен шикі жұмыртқа әкелуді сұрап, соңында қарғыстан арылу үшін барлық алтын бұйымы мен ақшасын газетке орап беруді талап еткен. Ал олар мөрленген түйіншек ұстатып, оны 40 күн өткен соң ғана ашып, ішіндегісін өртеп, күлін сол жерге әкелу керегін айтқан”, – делінген хабарламада.
Алайда түнде зейнеткер бұған күмәнданып, түйіншекті ашып көрсе бос қағаз ғана жатқан. Осылайша жалпы құны 15 миллион теңге алтын әшекейлері мен ақшасы жоғалтқан ол полицейлерге шағымданды.
Күдіктілер Теміртау қаласында ұсталды. Кейін жәбірленуші оларды Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы полиция бөлімінде таныды.
Қазір аталған дерек бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
“Полицейлер азаматтарды өзін балгер, емші немесе көріпкел ретінде таныстырып, "қарғысты қайтарамыз", "көз тиемді кетіреміз" деген желеумен ақша немесе бағалы заттарды талап ететін адамдарға сенбеуге шақырады. Мұндай жағдайда бірден полицияға хабарлау қажет.”, – деп мәлімдеді Қарағанды облысы полиция департаменті.