"Әншілер шайтанның азаншысы": ҚМБД пікір білдірді
Мүфтият тойда музыканы харам деген қарияның сөзіне қатысты пікір білдірді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркістан облысының Жетісай ауданында өткен тойда музыканы «харам» деген қонақтың сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Муфтият өкілдері діни тұрғыда өнер адамдары мен әйелдерге қатысты бейәдеп сөйлеу дұрыс емес екенін айтты.
«Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз», – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Діни басқарманың түсіндіруінше, Ислам діні адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді ғана құптамайды. Ал Ислам мен дәстүрдің асыл құндылықтарын, Отанды сүюді, ата-ананы қадірлеуді және ізгілікті дәріптейтін әндерге шариғатта рұқсат беріледі.