Қазақстанда жаңа оқу жылында оқушылар қай кезде емтихан тапсыратынын белгілі болды
Мектеп оқушыларының демалыс кезеңдері және емтихан тапсыру мерзімдері белгіленді.
Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарында 2026-2027 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімін бекітті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Құжатқа сәйкес, еліміздегі барлық орта білім беру ұйымдарында оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Бұйрықта мектеп демалыстарының мерзімдері де бекітілген. Күзгі демалыс 26 қазаннан 1 қарашаға дейін, қысқы демалыс 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін, көктемгі демалыс 2027 жылғы 22 наурыздан 28 наурызға дейін созылады. Бірінші сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында қосымша демалыс қарастырылған.
"9 (10) сынып оқушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары – 2027 жылғы 31 мамыр мен 11 маусым аралығында; 11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары – 2027 жылғы 1-17 маусым аралығында өтеді", - делінген бұйрықта.
Таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2027 жылғы 3 маусымда болады.
11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік емтихандар 1 маусымда Қазақстан тарихынан ауызша сынақтан басталады. Одан кейін түлектер алгебра және анализ бастамалары, оқыту тілі, таңдау пәні бойынша, сондай-ақ қазақ немесе орыс тілі мен әдебиетінен емтихан тапсырады.
"Алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 2027 жылғы 4 маусым, оқыту тілі бойынша жазбаша емтихан – 2027 жылғы 9 маусым, таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан – 2027 жылғы 14 маусым, қазақ тілі мен әдебиетінен және орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 2027 жылғы 17 маусым", - делінген бұйрықта.
Құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.