Алматы облысында иттерге таланып сан еті мен бір құлағынан айырылған 11 жастағы балаға қатысты сот отырысы басталды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:05
- 18
Алматы облысында қабаған иттерге таланып, сан еті мен құлағынан айырылған он бір жастағы балаға қатысты сот жалғасуда. Күдікті деп танылған оңалту орталығының қожайыны өзіне шаң жуытар емес. «Оқиға менің қоршауымның ішінде болды» дегенінен танбай тұр. Ал жантүршігерлік жайттан ауыр жарақат алған Максим, арада бір жыл өтсе де, толық жазылмаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Қабаған иттерге аяусыз таланған Максимге қатысты бүгін кезекті сот отырысы өтті. Күдікті ретінде жануарлардың иесі танылған. Алайда ол өзіне тағылған айыппен келіспей отыр. Тіпті баланы құтқару кезінде өлтірілген иттерін «әлі күшік еді» деп ақтаумен әлек.
«Жалпы, маған тағылған айыппен келіспеймін. Оқиға болған кезде бір жасөспірім келіп, Максимді қоршаудан Илья итеріп жібергенін айтты. Түсінесіз бе? Мұның бәрі біздің аумақта болды, стадионда емес. Жолдан өтіп бара жатқан адам пышақтап кеткен екі күшік мұндай жарақаттарды физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да салуға қабілетті емес», - дейді күдікті.
Адам шошырлық оқиға осыдан тура бір жыл бұрын Алматы облысында болған. Достарымен бірге футбол ойнауға кеткен 11 жастағы оқушыны жеке аумақтан шығып кеткен үш ит оңдырмай талаған. Соның салдарынан сан еті мен құлағынан айырылған жеткіншек әлі емделіп жүр. Қажет қаржының жоқтығынан, оған тиісті ота да жасалмаған.
«Міндетті түрде жасалатын отаға, өкінішке қарай, жәбірленуші тарапта ақша жоқ болғандықтан, үш отаны өткізіп алдық. Сол отаны жасау үшін бізге қазір материалдық залалды өндіру талап‑арызын беріп отырмыз. Ота әлі жасалынбады», - деді заңгер Арман Шәріпов.
«Айдың-күннің аманында баламды денсаулығынан айырды» деген ана, иттердің иесі «қатаң жазаланса» дейді. Себебі, күдікті осы күнге дейін бірде-бір рет кешірім сұрап келмепті. Максимның еміне 4 миллион теңгеден аса қаржы кеткендіктен, алдағы уақытта жәбірленуші тарап бар шығынды өтеп алуды көздеп отыр.




