Енді жаңа стандарт бойынша еліміздегі бейнебақылау камераларындағы мәліметтер кемінде 1 ай сақталуы тиіс
Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне арналған жаңа ұлттық стандарт бекітілді.
Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне қойылатын талаптарды реттейтін жаңа ұлттық стандарт қабылданды. Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының бұйрығымен СТ РК 4031-2026 "Бейнебақылау жүйелері. Бейнекамералардың түрлері мен орналастырылуына қойылатын талаптар" стандарты бекітілді.
Жаңа құжат ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және қайта жаңғырту барысында қолданылатын бейнебақылау жүйелеріне бірыңғай талаптар енгізеді. Стандарт Ұлттық стандарттау жоспары аясында әзірленген, ал бастамашысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Құжат 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Стандарттың негізгі мақсаты – бейнекамераларды таңдау, орнату және пайдалану тәртібін біріздендіру, сондай-ақ әртүрлі өндірушілердің жабдықтарының өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, болашақта цифрлық мониторинг жүйелеріне қосылатын бейнебақылау кешендеріне қойылатын талаптар да нақтыланған.
Құжатта бейнекамералардың ең төменгі техникалық сипаттамалары белгіленген. Атап айтқанда, матрица түріне, бейненің ажыратымдылығына, жарық сезімталдығына, кадр жиілігіне, объективтердің параметрлеріне, жұмыс температурасына, сыртқы әсерлерден қорғаныс деңгейіне, сондай-ақ жабдықты орнату талаптарына қатысты нақты нормалар енгізілген.
Сондай-ақ алғаш рет ұлттық деңгейде бейнекамералар қолданылу мақсатына қарай бірнеше санатқа бөлінді:
сыртқы аумақтарды бақылауға арналған;
ғимараттар мен құрылыстардың ішкі кеңістігін бақылауға арналған;
адамдарды анықтау және сәйкестендіруге арналған;
көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тануға арналған;
басқарылатын (PTZ) бейнекамералар.
Жаңа стандарт бейнебақылау жүйелерінің жұмысына қатысты да бірқатар міндетті талаптарды бекітеді. Соған сәйкес, жүйелер бейнежазбаны үздіксіз тіркеп, оны кемінде 30 тәулік сақтауға тиіс.
Бұдан бөлек, бейнебақылау кешендері заманауи байланыс хаттамаларын қолдап, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес деректерді қорғауы қажет. Сонымен бірге жүйелерде адамдарды және автокөлік нөмірлерін автоматты түрде тану, оқиғаларды тіркеу сияқты интеллектуалды бейнеаналитика функцияларын пайдалану мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.