"72 рет пышақ сұғар едім": желіде Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты пікір жазған ер адам ісі үшін кешірім сұрады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:05
- 52
Әлеуметтік желіде кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне белгісіз ер адам пікір қалдырған. Марқұмның отбасының адвокаты желі қолданушысының үстінен арыз жазып, оның үстінен әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Марқұмның туыстарының құқығын қорғап жүрген адвокат Аянхан Омаровтың мәліметінше, @dkraken9 аккаунтының иесіне қатысты құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.
Іс алдағы уақытта сотта қаралады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
«Нұрайға қатысты «72 рет пышақ тығар едім» деп жария түрде пікір қалдырған аккаунт иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Яғни, әлеуметтік желіде құқыққа қайшы контент жариялағаны үшін әкімшілік жауаптылық мәселесі қаралады», – деді адвокат Аянхан Омаров.

Кейін адвокат пен марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай пікір иесін полиция тауып бергенін мәлімдеді.
“TikTok қолданушыларының бірі: "Нұрайға 72 рет пышақ сұғар едім" деген пікір қалдырған еді. Жазба таңғы сағат 10:00-де жарияланды. Қазір уақыт – 20:17. Демек 10 сағатқа жетер-жетпес уақыт ішінде полиция қызметкерлері бұл пікірді жазған адамның жеке басын анықтады. Қазір ол сіздердің алдарыңызда тұр және өз мәлімдемесін жасағысы келеді”, – деді Нұрайдың ағасы.
Жазба авторы пікірін Нұрайға емес, күдікті Шерхан Аймаханға бағытталғанын айтып, кешірім сұрады.
“Мен ешқашан қылмысты да, қылмыскерді де қолдаған емеспін және қолдамаймын. Егер жазған пікірім Нұрайдың жақындарына немесе оның отбасына ауыр тиген болса, шын жүректен кешірім сұраймын! Ешқандай жаман ниетім болған жоқ. Пікірім тек қылмыскерге қатысты жазылған”, – деді желі қолданушысы.




