«Алтын дәрігер» атанған Айша Құдайберген: Ең үлкен марапатым – халықтың алғысы
50 жыл бір емханада жұмыс істеген дәрігер : Қалаға жұмысқа ауысқым келді. Ауданның үлкен кісілері "Біз қайтқанда ауысасың" деп жібермеді.
5-сыныпта оқып жүргенде көз аурулары туралы ғылыми мақаланы оқып, болашақ мамандығын таңдаған Айша Құдайберген жарты ғасырға жуық ғұмырын медицинаға арнады. Жоғары санатты офтальмолог Нарынқол өңірінде мыңдаған адамның көзіне жарық сыйлап, халықтың ерекше құрметіне бөленген жан. KYN.KZ тілшісіне берген сұхбатында ол мамандыққа қалай келгенін, ұмытылмас оқиғаларын және өмірлік арманы туралы айтып берді.
– Дәрігер болуды қашан және қалай шештіңіз?
– Мен 5-сыныпта оқып жүргенде көз аурулары туралы ғылыми мақаланы оқыдым. Сол мақаланы оқығаннан кейін-ақ «Мен міндетті түрде көз дәрігері боламын» деп өзіме уәде бердім. Бұл таңдауыма ата-анам ешқашан араласқан жоқ. Керісінше, жүрек қалауымды қолдап, батасын берді.
1972 жылы мектепті тәмамдап, бірден медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түстім. Өзімді бақытты дәрігермін деп есептеймін. Себебі еліміздегі атақты профессорлардың тәлімін алып, олардың шәкірті болдым. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш.
– Еңбек жолыңыз қай жерде басталды?
– Интернатураны аяқтаған соң Нарынқолға офтальмолог болып бардым. Бастапқыда басқа жаққа ауысуды ойлаған кездерім болды. Бірақ Нарынқол халқы мені жібергісі келмейтін.
«Қалаға кетемін» десем, тұрғындар: «Біз өмірден өткенде кетерсің, әзірге бізге қарай тұршы», – деп өтінетін. Сол сөздер жүрегіме қатты әсер етті.
Ақыры зейнетке дейін сол жерде еңбек еттім. Тіпті зейнеткерлікке шыққаннан кейін де тағы 13 жыл жұмысымды жалғастырдым.
– Еңбегіңіз қалай бағаланды?
– Құдайға шүкір, дәрігер армандайтын марапаттардың бәріне дерлік ие болдым. «Алтын дәрігер» атағын алдым, есімім «Алтын қорға» енгізіліп, «Алтын қор» медалімен марапатталдым. Сонымен қатар «Медицина үздігі» және «Еңбек ардагері» медальдарын иелендім.
Бірақ мен үшін ең үлкен марапат – халықтың алғысы. Қуантатыны, еңбек еткен жылдарымда үстімнен бірде-бір арыз немесе ескерту түспеген. Мұны өз өмірімнің ең үлкен жетістігі деп санаймын.
– Офтальмолог мамандығының ең ауыр тұсы неде?
– Аурудың жеңілі болмайды. Бірақ көптеген дерттің емі бар немесе адам онымен өмір сүріп үйренеді. Ал көзден айырылған адам тірі қалғанымен, өмір бойы өзгенің көмегіне тәуелді болуы мүмкін. Менің мамандығымның ең ауыр жағы – осы.
– Ең ұмытылмас оқиғаңыз қандай?
– 1982 жылы 18 жастағы жігіт трактордан шүйдесімен құлап, екі көзінен бірдей айырылды. Оның көру қабілетін қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасадым.
Тіпті оны халықаралық ғылыми съезге апардым. Бірақ сол жердегі белгілі ғалымдардың бәрі жағдайының өте ауыр екенін айтып, көмектесе алмайтындарын жеткізді.
Бұл жағдай жанымды қатты ауыртты. Оның анасы жасы үлкен кісі болатын. Анасы мен баласының болашағын ойлап, жігітті зағиптар қоғамына орналастыруға көмектестім. Анасын да сол жерге жұмысқа тұрғыздым. Ең болмаса екеуі бір-біріне сүйеніп, қалыпты өмір сүрсін дедім.
Содан кейін бұл отбасы туралы еш хабар болмады.
Арада төрт жыл өткенде кабинетіме әлгі жігіт келді. Қасында сұлу жары мен екі жасар қызы бар екен.
Ол мені арнайы іздеп келіпті.
«Сіздің көмегіңіздің арқасында зағиптар қоғамына жұмысқа орналастым. Өмірімді қайта бастадым. Отбасын құрдым. Қазір бақытты өмір сүріп жатырмын. Сізге рақмет айту үшін келдім», – деді.
Сол сәтте өз мамандығымды дұрыс таңдағаныма тағы бір мәрте көзім жетті. Дәрігер үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар.
– Орындалған арманыңыз бар ма?
– Менің ең үлкен арманым – Нарынқолда заман талабына сай, соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған жаңа емханада жұмыс істеу еді.
Биыл сол арманым орындалды. Жаңа емхана салынды. Өкінішке қарай, дәл сол уақытта мен еңбек демалысына кеттім. Өзім жұмыс істей алмасам да, жас дәрігерлердің сондай керемет жағдайда еңбек ететініне шын қуандым.
Өйткені халық сапалы медициналық көмекке лайық, ал жас мамандар жақсы жағдайда жұмыс істеуі керек.