Қоғам

Астанада жолаушы мінген ұшқышсыз әуе кемесі алғаш рет ұшты

Жылдамдығы 130 шақырымға жететін әуе кемесі ұшырылды.

Астанада «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында жолаушы мінген EH216-S ұшқышсыз әуе кемесінің алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет жолаушы тасымалдаған ұшқышсыз әуе аппаратының сынақ ұшуы. Әуе кемесі екі адамға арналған, ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымға жетеді, ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін созылады.

Алғашқы кезеңде елдің табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері үстімен ұзақтығы 5–30 минут болатын туристік бағыттар іске қосылмақ. Болашақта мұндай жүйелер көлік инфрақұрылымын толықтырып, заманауи тасымалдың бір бөлігіне айналады.

Жоба аясында ұшқышсыз әуе жүйелерін медицина, дәрі-дәрмек жеткізу, өрт сөндіру, логистика және жедел әрекет етуді қажет ететін басқа салаларда қолдану көзделіп отыр. Сонымен қатар, кезең-кезеңімен Қазақстанда өндірісін жолға қою жоспарланған. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, жоғары технологиялы машина жасау саласын дамытуға мүмкіндік береді.