"Дінді құбыжық етіп көрсетіп, өз сөзінен өзі шатылды": Роза Әлқожа тойда уағыз айтқан ер адамның қамалуына өзін кінәлағандарға жауап берді
Роза Әлқожа діни фанаттар тарапынан соққыға тап болғанын жеткізді.
Белгілі әнші Роза Әлқожа соңғы күндері діни фанаттардың жеке парақшасына көп жазып кеткенін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Әншіні көбісі той үстінде «әуен тыңдау күнә» деп мәлімдеме жасаған азаматтың темір торға қамалуына себеп болды деп айыптайды екен.
«Кешеден бері осы мәселе төңірегінде ерегісіп жатырмыз. Біз де иманнан мақұрым емеспіз, Жаратушыдан қорқатын, Аллаға шүкіршілік ететін жандармыз. Менің туған бауырларымның барлығы — бес уақыт құлшылығын қаза қылмайтын азаматтар. Бірақ соған қарамастан, әсіре діншіл қауым бізге қарсы майдан ашып алды», — дейді әнші.
Оның айтуынша, тойда уағыз оқыған ер адам дінді құбыжық етіп көрсеткен.
«Тек қожалар ғана емес, біздің барлығымыз — әлімсақтан бері исламды ұстанатын мұсылманбыз. Әрине, бұл діни жолды берік ұстанып, тақуалық деңгейге жеткендер де, біз сияқты оған шамасы жетпей жүргендер де бар. Кімнің шынайы адасып, кімнің тура жолда екенін тек бір Алла ғана көреді. Адам баласы болып жаратылған соң, Жаратқан иеміз бәрімізге шынайы құлшылық етуді жазсын. Ал бұл болған жағдай — заң мен қоғамымыздың өз үкімі. Мемлекеттің заңы бәріне ортақ. Ол адам дінді құбыжық етіп көрсетіп, өз сөзінен өзі шатылды. Мұның бәрі — Алланың бұйрығымен болған дүние», — деп түйіндеді өз ойын әнші.