Қоғам

Партиялар мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы жүйелі негізде артып келеді – «Sarap» клубының сарапшылары

2026 жылғы 6 тамызда Жезқазған қаласында Қазақстандық қоғамдық даму институты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Азаматтық қоғам және партиялар.

 Өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын іздеу жолында» тақырыбында «Sarap» сарапшылар клубының аймақтық отырысын өткізді.

Іс-шараға өңірдің үкіметтік емес секторы, академиялық қауымдастығы мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері, қоғамдық қорлардың басшылары, сондай-ақ Ұлытау және өңірдегі Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.

Отырыс барысында сарапшылар саяси жаңғыру жағдайындағы азаматтық қоғамның рөлін, оның саяси партиялармен өзара іс-қимылын, қоғамдық диалог пен азаматтық белсенділікті дамытуға ықпалын талқылады. Сондай-ақ электоралдық мәдениет, халықтың саяси үдерістерге қатысуы және қоғамдық сенім деңгейі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, 5 тамыз күні саяси партиялар өкілдерінің қатысуымен өткен теледебаттарға талдау жасалды. Қатысушылар аталған іс-шараның кең аудиторияны саяси процестерге тартудағы маңызын жоғары бағалады.

Отырысты ашқан ҚҚДИ Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым «Азаматтық қоғам бүгінде саяси үдерістердің толыққанды қатысушысына айналды, ал оның саяси партиялармен өзара іс-қимылы жүйелі сипатқа ие болды. Қоғамдық ұйымдар партияларға халықтың сұранысын тереңірек түсінуге, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруге және азаматтардың сенімін нығайтуға ықпал етеді. Мұндай әріптестік қоғамдық диалогтың жаңа тетіктерін қалыптастырып, азаматтардың елдің саяси өміріне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді», – деп атап өтті.

«Zertteu Research Institute» ҚҚ директорының орынбасары Алтынай Нұркеева Ұлытау облысы орнықты дамыту жобасын мысалға келтіре отырып, азаматтық сектордың жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылының нақты тәжірибесі туралы айтып берді: «Жоба аясында үкіметтік емес ұйымдардың, депутаттардың, қоғамдық кеңестер мүшелерінің және бастамашыл топтардың қатысуымен жергілікті қауымдастықтардың қажеттіліктеріне бағалау жүргізіліп, олардың бастамалары іске асырылды. Тәжірибе көрсеткендей, жергілікті мемлекеттік органдар мен бастамашыл топтар проблемаларды анықтау кезеңінен бастап жобаларды іске асыруды мониторингтеуге дейін серіктестік негізінде жұмыс істеген жағдайда жобалардың сапасы артып, халықтың сенімі күшейеді. Сонымен қатар қоғамдық институттардың жаһандық трансформациясы жағдайында саяси партиялар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибесін кеңінен дамыту қажет». Спикердің айтуынша, саяси партиялардың бағдарламаларының тиімділігін және мемлекеттік басқару сапасын арттыру үшін азаматтық сектормен бағдарламаларды әзірлеу кезеңінде де, оларды іс жүзінде іске асыру барысында да тұрақты әріптестік орнату маңызды.

Қазақстан Азаматтық альянсының Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Әсем Асанханова мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығына тоқталды «Бүгінде жергілікті деңгейде қоғамдық өмірдің түрлі салаларын қамтитын көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Бұл ретте ынтымақтастық мәдениетін дамыту айрықша маңызға ие. Үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, мемлекеттік органдар және азаматтық қоғамның басқа да институттары бірлесіп әрекет етуі қажет. Күш-жігерді біріктіру арқылы ғана нақты әрі тұрақты нәтижелерге қол жеткізуге болады».

Өз кезегінде, ҚҚДИ Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы Әлия Масалимова: «Президенттік реформалардың логикасына сәйкес өңірлік дамудың басты мақсаты – экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру. Жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігі, халық пікірін ескеру, кері байланыс тетіктерін дамыту және өңіраралық теңгерімсіздікті азайту азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейіне, соның ішінде электоралдық күн тәртібіне де тікелей әсер етеді. Бүгінде өңірлер мемлекеттік шешімдер қабылдау барысында барынша ескерілуі тиіс қоғамдық сұранысты қалыптастыратын маңызды субъектілерге айналып отыр», – деп атап өтті.

Облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлбану Сейтжанова жаңа Конституцияның қабылдануы мен сайлау науқаны аясында азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі кеңінен талқыланып отырғанын айтты. «Саяси партиялар азаматтық секторды дамыту мәселелерін белсенді түрде көтеріп келеді. Құрылған Қазақстан Халық Кеңесі азаматтық бастамаларды ілгерілетуге және қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналады. Сонымен қатар Аналар кеңесі отбасы институтын нығайту, тәрбие жұмысын жетілдіру, тәлімгерлікті дамыту, өмірлік тәжірибе алмасу және қоғамдық маңызы бар бастамаларды іске асыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізуде. Осындай институттар арқылы азаматтық қатысу мен әлеуметтік жауапкершілік мәдениеті қалыптасады», – деді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның және жұмыс топтарының мүшесі Самал Садыкова азаматтық қоғам мен партиялық дамуды нығайтудағы әлеуметтік және инклюзивті жобалардың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдауға бағытталған бастамалар қоғамдағы жаңа әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді: «Ерекше балалардың ата-аналары күн сайын кездесетін кедергілер мен қиындықтарды бәрінен жақсы біледі. Сондықтан мемлекеттік органдар мен саяси партиялар деңгейінде осы саланы дамытуға және қолдау көрсетуге қатысты кез келген шешімдер мен бастамалар міндетті түрде ата-аналардың қатысуымен және олардың пікірін ескере отырып қабылдануға тиіс. Бұл қоғамның ерекше қажеттіліктері бар адамдарды толыққанды азамат ретінде қабылдауына ықпал етеді».

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекет, саяси партиялар және азаматтық қоғам институттары арасындағы тиімді әріптестікті одан әрі дамыту қоғамдық сенім мен саяси мәдениетті нығайтудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті. Сарапшылар пікір алмасуға, ортақ шешімдер әзірлеуге және қоғамдық-саяси үдерістерге азаматтардың қатысу тетіктерін жетілдіруге бағытталған практикалық ұсынымдар қалыптастыруға мүмкіндік беретін осындай диалог алаңдарын тұрақты түрде өткізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.