"Бәрі менің келісімімсіз болды": Нұрай Серікбай мен анасының жазысқан хаттары
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында Нұрайдың анасына жазған хаттары оқылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
2 қазанда Айгүл Сағынбекова қызы Нұрайға бірнеше рет хабарласқан. Бірақ ол телефонын алмаған. Сөйтіп 4 қазанда, алып қашып кеткен күні, анасы тағы да қоңырау шалған. Бірақ байланыса алмаған.
Тергеу нұсқасы бойынша, осы күні сотталушы қызды некеге мәжбүрлеу мақсатында алып қашып кеткен.
"Осыдан кейін анасы "Нұрай, маған хабарласшы. Не істеп жүрсің?" деп жазған. Бұған дейін анасы, Нұрайдың ағалары және әкесі 4 қазанда оған хабарласа алмағанын, телефонының өшірулі болғанын айтқан еді. Сол күні анасы "Сенен мұндайды күтпеп едім" деп жазған. Бұған жауап ретінде Нұрай "Анашым, бәрі менің келісімімсіз болды. Мұны қаламадым" деп жауап берген", – деді судья Саммидин Темірлаев.
Судья хаттардың Нұрайдың туыстарының бұған дейінгі жауаптарын толықтай растайтынын айтты.