Экс-жұбайын сойылмен ұрып өлтірген Семей тұрғыны 12 жылға сотталды
Семей тұрғыны бұрынғы әйелін бейсбол сойылымен ұрып өлтіргені үшін 12 жылға сотталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға сәуір айында үйдің ауласында болған. Іс материалдарына сәйкес, 51 жастағы ер адам мас күйінде бұрынғы жұбайына шабуыл жасаған. Қақтығысқа қызғаныш себеп болған. Ол бұрынғы жұбайын бейсбол сойылымен 27 рет ұрып, ауыр жарақаттаған. Салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды.
Марқұмның туыстары сотта ер адамның бірнеше жыл бойы бұрынғы жұбайына агрессия көрсетіп келгенін айтты. Ажырасқаннан кейін де ол экс-әйелін қызғанып, жанжал шығарып жүрген.
Қайғылы оқиға кезінде марқұмның кәмелетке толмаған екі баласы болған.
Сот процесі барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді. Сот оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол марқұмның ағасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Марқұмның туыстары сот шешіміне қанағаттанатынын жеткізді.
«Мен соттың бұл шешімімен толықтай келісемін. Себебі біз дәл осындай жаза тағайындалуын қаладық. Балаларға қатысты сотта барлық қажетті құжаттарды мүмкіндігінше тезірек жинау керектігі айтылды. Енді қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз», – деді марқұмның туысы Жанна Нұрғазинова.
Енді марқұмның туыстары балалардың алдағы тағдыры мен олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты мәселелерді шешумен айналысады.