6 жылға сотталған Жақсылық Омардың Toyota Camry көлігі мемлекеттік органдарға беріледі
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омардан тәркіленген Toyota Camry республикалық меншікке берілді. Құны 20 миллион теңге болатын шетелдік көлік мемлекеттік заңды тұлғаларға ұсынылды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
2026 жылдың сәуірінде экс-шенеунік алаяқтық пен пара алғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оның иелігіндегі шетелдік көлік тәркіленген еді.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті тәркіленген автокөлік ресми түрде республикалық меншік есебіне алынғанын хабарлады.
"2024 жылы шыққан Toyota Camry маркалы автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 567 AJU 16) 2026 жылғы 8 шілдедегі мүлікті түгендеу, бағалау және қабылдау-тапсыру актісі бойынша республикалық меншікке өткен мүлік есебіне қабылданды. Бағалау құны 20 миллион теңге болатын бұл автокөлік e-qazyna.kz мемлекеттік мүлік веб-порталы арқылы мемлекеттік заңды тұлғаларға ұсынылу үстінде", – деп түсіндірді бейінді ведомство өкілдері.