Саясат

Шолпан-Атада Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтті: бірқатар қорытынды құжат қабылданды

Шолпан-Ата қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров ЕҮАК-ке мүше мемлекеттер делегацияларының басшыларымен ұжымдық кездесу өткізді.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы ықыласы мен ізгі тілектерін жеткізді. Кезедсу барысында екі елдің көшбасшылары арасындағы сенімге құрылған саяси диалог пен өзара түсіністікке негізделген одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етіп отырғаны атап өтілді. Кейінгі 5 жылда қазақ-қырғыз тауар айналымы 2 есеге артып, $2,2 млрд-ты құрады.

ЕҮАК-тің кеңейтілген құрамдағы отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығын одан әрі дамыту, салалық интеграцияны тереңдету, цифрлық өзара іс-қимылды кеңейту, қаржы-экономикалық тетіктерді жетілдіру және Одаққа мүше мемлекеттердің бірлескен жұмысын үйлестіру мәселелері қаралды. Еуразиялық экономикалық комиссияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, жүк теміржол тасымалдары мен көлік дәліздерін цифрландыру, электрондық сауда, климат саласындағы ынтымақтастық және өзге де бағыттар талқыланды.

Қазақстан Премьер-министрі Президенттің басшылығымен барлық мемлекетпен ашықтық пен сындарлы әріптестікке негізделген Әділетті әрі Озық Қазақстанды дамыту бағыты дәйекті түрде жұзеге асырылып жатқанын атап өтті. Еліміздің жаңа Конституциясында көзделген ауқымды институционалдық реформалар инвесторлардың сенімін нығайту, экономиканы жаңғырту және халықаралық өзара іс-қимылды кеңейту үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.

Олжас Бектенов қазіргі сыртқы сын-қатерлер жағдайында экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңызы арта түскенін атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылы ЕАЭО елдері ішіндегі тауар айналымы $95 млрд-ты құрады. Биыл бұл көрсеткіш 7,3%-ға өсіп, $102 млрд-қа дейін жетеді деп күтілуде. 

ЕҮАК қызметінің басым бағыттары қатарына цифрлық сауда тетіктерін дамыту, ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесі аясында жасанды интеллект технологияларын енгізу, тамақ өнімдерінің мүше мемлекеттерге қолжетімділігін қамтамасыз ететін тетіктерді жетілдіру жатады.

Тамақ өнеркәсібі саласында Қазақстанның экспорттық әлеуеті артып келе жатқаны атап өтілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал және өсімдік тектес өнімдерді, сондай-ақ дайын азық-түлік тауарларын жеткізу көлемі шамамен $7 млрд-ты құрады. Биылғы қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша $3,6 млрд-қа жетті.

Сонымен қатар бизнес өкілдерінің серіктес мемлекеттер нарығына құс еті мен сүт өнімдерін жеткізу барысында туындайтын кедергілерге қатысты өтініштерін ескере отырып, қазақстандық тарап ЕАЭО міндеттемелерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тамақ өнімдерінің Одаққа мүше елдер нарығына қол жеткізу жағдайына жүйелі түрде кешенді мониторинг жүргізудің орынды екенін атап өтті. Туындаған мәселелерді реттеуге дәйекті әрі объективті көзқарас, саудадағы кедергілерді жою жөніндегі шараларды уақтылы қабылдау өзара сауданың дамуына елеулі серпін береді.

Бұдан басқа, ұлттық экономикалардың орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі цифрландырудың маңыздылығы атап өтілді. Биыл мамыр айында Астанада мүше мемлекеттердің басшылары осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және озық тәжірибелермен алмасуға бағытталған ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойған болатын. Қазақстанда цифрлық трансформация ел дамуының стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалған.

«Қазақстан Президенті 2026 жылды ресми түрде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясының аса маңызды бағыттарының қатарында Екібастұз қаласындағы "ДӨО алқабын" құру жобасы бар. Жоба халықаралық деңгейдегі цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға және Қазақстанның Еуразиядағы цифрлық хабтардың бірі ретіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. 125 МВт болатын алғашқы есептеу қуатын іске қосу келесі жылдың маусым айына жоспарланған. Барлық мүдделі тараптарды, оның ішінде іскер топтар мен технологиялық компаниялардың өкілдерін осы бастаманы жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуға шақырамыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов. Қазақстан цифрлық экономика мен жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға әрдайым ашық.

Отырыс барысында, сондай-ақ Беларусь Республикасы мен Армения Республикасының премьер-министрлері, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы, ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттер тарапынан Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі, Иран Ислам Республикасы мен Куба Республикасының өкілдері, сондай-ақ  сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы сөз сөйледі.

ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша алты құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде ЕАЭО-дағы тауарлардың электрондық саудасы туралы келісім бар, оны жүзеге асыру электрондық коммерцияны қарқынды дамытуға, бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге және қатысушылардың әріптестер нарығына қол жеткізуде анағұрлым қолайлы жағдайлар қалыптастыруға ықпал ететін болады. Бұдан басқа, Одаққа мүше мемлекеттердегі ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану туралы келісім, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша бірқатар өкімдер қабылданды.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы 1-2 қазанда Минск қаласында (Беларусь) өтеді.