Басты жаңалықтар

Мектеп формасы қандай болу керек?: министрлік ата-аналарға мәлімдеме жасады

Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KYN.KZ

Министрліктің мәліметінше, оқушыға мектеп формасын таңдауда жас ерекшеліктері, климаттық жағдайлар, сабақ өтетін орын, оқу ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі.

«Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оны таңдауда білім алушылардың жас ерекшеліктері, климаттық жағдайлар, сабақ өтетін орын, оқу ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі. Мектеп формасының пішімін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептегі өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындайды. Ол жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Мектеп формасына енгізілетін өзгерістер де аталған кеңестермен келісу арқылы қабылданады. Ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алып, өндірушіні еркін таңдай алады. Білім беру ұйымдары тарапынан жекелеген өндірушілерге артықшылық беруге жол берілмейді. Ведомство дерегіне сүйенсек, әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мектеп формасын, аяқ киім мен мектепке қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған», – делінген министрлік хабарламасында.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін фурнитура мен аксессуарлар болмауы тиіс.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген қағидаларды және міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.