Бір сәукеле 500 жылқы тұрған: қазақ неге күйеу балаға қымбат сыйлық берген?
"Қапқа салар" деген кәденің мағынасын білесіз бе? Әрине бұл дәстүр қазіргі қазақтардың өмірінде бар. Бірақ, атауы басқа.
Қазақтың қыз ұзату мен құдалық дәстүрінде әрбір сый мен кәденің өзіндік мәні болған. Бүгінде кейбір жоралғылар әлі орындалғанымен, олардың байырғы атауы мен түпкі мағынасын көпшілік біле бермейді. Солардың бірі – күйеу балаға арналған «Қапқа салар» кәдесі. Ал қалыңдықтың сәукелесі кезінде тек сән үшін тағылатын бас киім емес, оның төркінінің дәулетін көрсететін аса бағалы дүние саналған.
Этнографиялық деректер қазақ қоғамында құдалықтың екі жастың ғана емес, екі әулеттің арасындағы байланысты қалыптастыратын маңызды оқиға болғанын көрсетеді. Сондықтан құдалық кезінде жасалған әр жоралғы жаңа туыстарға деген құрметті білдірген.
Күйеу балаға берілетін «Қапқа салар» деген не?
Ертеде қыздың әке-шешесі күйеу баласына арнайы сый дайындаған. Бұл кәде «Қапқа салар» деп аталған. Оның басты ерекшелігі – сыйдың жалпы құдаларға емес, тек күйеу балаға арналуы.
Мұның астарында жаңа туысты қабылдаудың белгісі жатыр. Яғни қыздың төркіні күйеу баласына «енді сен бізге бөтен адам емессің» деген ниетін білдірген.
Сыйдың қандай болатыны отбасының тұрмыс жағдайына байланысты болған. Дәулеті жеткендер күйеу балаға бағалы бұйымдар, жақсы атқа лайық сапалы ер-тұрман және күнделікті қажетіне жарайтын қымбат дүниелер тарту еткен.
Мұндай жомарттықтың астарында қыздың болашағына деген қамқорлық та жатқан. Қайын жұрты күйеу баласын құрметтеу арқылы өз қызын да қадірлеуге үндеген. Басқаша айтқанда, «қызымызды бағала, біз де сені өз баламыздай көреміз» деген өзара сыйластық қағидасы қалыптасқан.
Қызығы, дәстүрдің атауы қолданыстан алыстап бара жатқанымен, оның мазмұны қазіргі құдалықтарда әлі кездеседі.
Бүгінде қыздың отбасы болашақ күйеу баласына сағат, костюм, зергерлік немесе басқа да бағалы заттар сыйлап жатады. Кейбір ауқатты отбасылар көлік немесе баспана тарту етеді. Сыйлықтың түрі заманға сай өзгергенімен, оның түпкі мәні сақталған. Бұл – күйеу баланы жаңа әулеттің бір мүшесі ретінде қабылдаудың және қажет кезде қолдау көрсетуге дайын екенінің белгісі.
Қазақтың сәукелесі неге сонша қымбат болған?
Қазақ қыздарының сәукелесі де бүгінгі түсініктегідей тек ұлттық киімнің бір бөлігі болмаған. Оның жасалуына жұмсалған әшекейлер мен асыл бұйымдардың құны кей жағдайда үлкен байлыққа тең келген.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қалдырған деректердің бірінде бір сәукеленің құны жүздеген жылқымен есептелген оқиға айтылады.
XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздегі Байсақал бай мен Орта жүздегі Сапақ бай құдаласады. Құдалық барысында Байсақал бай қызына әзірленген сәукелені қарсы жаққа жібергені баяндалады.
Сәукелені көрген соң оның қанша тұратынын бағалау мәселесі туындайды. Тарихи деректе Кенесарының ағасы Саржан бас киімдегі әшекейлердің құнын есептеп, оны 500 байталға бағалағаны жазылады. Осыдан кейін қыздың қалыңмалы да 500 жылқы мөлшерінде белгіленген.
Бұл дерек сол кезеңдегі сәукеленің материалдық құны қаншалықты жоғары болғанын аңғартады.
Сәукелеге қарап қыздың қай әулеттен шыққанын білген
Сәукеленің бағасын оның сыртқы пішіні ғана емес, оған тағылған әшекейлер анықтаған. Шеберлер оны алтын-күміспен көмкеріп, маржан, асыл тастар және басқа да бағалы бұйымдармен безендірген.
Әр отбасы сәукелені өзінің жағдайына қарай әзірлеген. Сондықтан ұзатылып келген қалыңдықтың басындағы сәукеле оның төркінінің тұрмысы мен дәулетінен де хабар беріп тұрған.
Қазақ үшін сәукеленің тағы бір маңызды ерекшелігі – оның жеке адамға арналуы. Қалыңдыққа арнайы дайындалған сәукелені өзге адамның киюіне немесе оны қарапайым зат секілді біреуге бере салуға болмайды деп есептелген.
Осылайша, сәукеле қыздың жаңа өмірге қадам басуын білдіретін жеке әрі қастерлі дүниесіне айналған.
Өзбекәлі Жәнібеков келініне сәукелені өзі әзірлеген
Ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға үлкен еңбек сіңірген этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің отбасында да сәукелеге ерекше мән берілгені айтылады.
Деректерге қарағанда, ол әр сапарынан сәукелені безендіруге жарайтын түрлі әшекейлер мен тастар жинап жүрген. Кейін ұлы Бауыржан шаңырақ көтерген кезде келіні Гауһарға арнайы үкілі сәукеле дайындап, оны өз қолымен сәндеген.
Бұл мысал сәукеленің мәні тек өткен ғасырлармен шектеліп қалмағанын көрсетеді. Ұлттық дәстүрді терең түсінген адамдар үшін ол келінге көрсетілген құрмет пен отбасы тарихын жалғастырудың белгісі болған.
Дәстүр өзгергенімен, астарындағы мағына сақталды
Бүгінде қазақтың үйлену тойы мен құдалық рәсімдері айтарлықтай өзгерді. Бір кездері күйеу балаға ер-тұрман тарту етілсе, қазір оның орнына сағат немесе көлік берілуі мүмкін. Бұрын сәукеленің құны жылқымен есептелсе, бүгін ол көбіне ұлттық киімнің ерекше элементі ретінде қолданылады.
Алайда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлердің негізгі мағынасы дүние-мүліктің бағасында емес.
«Қапқа салар» – күйеу баланы бөтенсімей, өз туысындай қабылдаудың белгісі болса, сәукеле – ұзатылған қыздың мәртебесі, төркіні мен жаңа өмірге қадам басуының нышаны.
Сондықтан бүгін атауы ұмытылып бара жатқан кейбір салттардың өзі қазақ отбасыларында басқа сипатта жалғасын тауып келеді.