Қоғам

"Біз ешқандай өтемақы алған жоқпыз және талап етпедік": марқұм Ұлдана Мырзуанның күйеуі мен енесі өздеріне айтылған сыннан кейін сұхбат берді

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел көпшіліктің өзіне қатысты айтылған сын пікірлерге жауап берді. Айтуынша, олар тойдың суреті әлеуметтік желіде тарап кететінін ойламаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы “Қазақстан халық партиясының” YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. Әділет Зейнелдің айтуынша, болашақ жарымен сәуір айында танысқан. Бұл қарым-қатынас оның трагедиядан кейін қалыпты өмірге біртіндеп оралуына көмектескен.

"Біз сәуірдің аяғынан, мамыр айынан бастап араласа бастадық деуге болады. Ол да жедел жәрдемде жұмыс істеген, бірақ қазір көбі жазып жатқандай, Ұлдананың құрбысы болған жоқ. Екі жыл ішінде олар тек бір-ақ рет бір ауысымға шыққан. Олар тек әріптес ретінде таныс болды. Қазіргі күліп, бақытты болып жүргенім - анамның, Алланың және соның арқасы. Ол бойымдағы өмірге деген құлшынысты қайта оятты", - деді ол.

Осыдан кейін ол марқұм әйелі Ұлдананың көлігін бұрынғы қайын жұртына қайтарып берген.

 “Сәуір айынан бастап Ұлдананың әкесі көліктің өзіне қажет екенін айтып маған жазып, хабарласа бастады. Кейін Ұлдананың ағасы жазып, көліктің қажет емес екенін айтты. Осымен келісімге келген сияқты болғанбыз. Бірақ олар кейін менің жәбірленуші мәртебесінен де, көліктен де бас тартуымды талап етті. Мен жәбірленуші мәртебесінен бас тартпаймын. Өйткені бастапқыда бәрінің басы-қасында өзім болдым. Бастаған ісімді өзім аяғына дейін жеткіземін”, – дейді Әділет.

Ал анасының айтуынша, көлікті Ұлдананың ата-анасына қайтарып берген соң, зейнетақысында жиналған ақша Әділетке берілген. Ата-анасымен солай келіскен. Сондай-ақ, қаза кезінде әкімдік адамдардан жиналған ақша қайда жұмсалғанын айтып берді. Әр ақшаның қайда жұмсалғаны туралы түбіртектер де бар екен.

«Зейнетақы қорындағы ақша – 2 миллион 300 мың теңге. Ешқандай өтемақы төленген жоқ. Әкімдік адамдардан жиналған ақша, бата деп 20 миллион теңге берді. Қазір сол ақшаның қайда жұмсалғанын көрсететін түбіртектерді әкелдім. Көлік несиеге алынған еді. Ол Еуразиялық банкте кепілде тұрған. Шамамен 10 миллион теңгені көлікке төледік. Ұлдананың ұзатуына алынған кредит барын білгеннен кейін мен анасына 3 миллион 900 мың теңге, Әділет әпкесіне 1 миллион 100 мың теңге аударды. Бұл ақшаның барлығы 20 миллион теңгеден алынды. Әпкесіне тағы да 1 миллион 340 мың теңге аударылды. Сондай-ақ біз Ұлдананың қырқына дейін әр апта сайын бейсенбі асын бердік. Қалған ақша осы асқа кетті. Бұл ақшаны біздің отбасы да, ол жақ та өз қажеттілігіне жұмсаған жоқ. Тек көліктің және, ұзатуға алынған несиені төледік. Ал Kaspi Bank-тегі Ұлдананың қарызын банк өзі жапты”, – дейді Эльза Ерманова.

Ал Әділет Зейнел өзі де отбасының қандай да бір мемлекеттік өтемақы алғаны немесе пәтер талап еткені туралы ақпаратты жоққа шығарды..

"Біз ешқандай өтемақы алған жоқпыз және талап етпедік. Менің өзім еңбек етіп алған пәтерім бар. Анам, мен және ініммен тұрамын. Ешкімнен ештеңе сұраған емеспіз", - деді ол.

Әділет пен анасының айтуынша, екі отбасы арасындағы қарым-қатынас қайғылы оқиғадан бірнеше ай өткен соң нашарлай бастаған.