«Түрім орыс, өзім қазақ»: бес баласына қазақша есім қойған Андрейдің отбасы көпшілікті сүйсіндірді (Видео)
Андрей балаларына қазақтың дәстүрімен бесік тойдан бастап, сүндет тойға дейін жасаған.
Түріне қарап орыс деп ойлайсыз, ал сөйлей бастағанда оңтүстіктің қазағынан айырмасы жоқ. Әлеуметтік желіде қазақша сөйлеп, күнделікті өміріндегі қызықты оқиғаларды бөлісіп жүрген Андрей Тарасовтың отбасы да ерекше. Оның жары Ситорамен махаббаты мектеп қабырғасынан басталған. Бүгінде жастары отызға енді толған ерлі-зайыпты бес бала тәрбиелеп отыр. Балаларының есімдері де қазақы ортаға жақын – Алмас, Шәміл, Раяна, Мирас және Алан. Бұл жөнінде көпбалалы әке KYN.KZ тілшісіне ашық сұқбат берді.

Андрей Тарасов пен Ситора Бурханова Кентау қаласында дүниеге келген. Екеуі бір мектептің бір сыныбында білім алыпты. Орыс сыныбында оқығанымен, өскен ортасында қазақтар көп болған. Сондықтан екеуі де кішкентайынан қазақ балаларымен бірге ойнап, қазақ тілін еркін меңгерген.
Андрейдің әкесі – орыс, анасы – татар. Ал Ситораның әкесі тәжік, анасы татар ұлтынан. Түрлі этностың мәдениеті тоғысқан отбасыларда өскен екеуіне қазақ тілі күнделікті қарым-қатынас тіліне айналған.
Тіпті Андрей өзінің орысшасынан қазақшасы әлдеқайда жақсы екенін жасырмайды.
Бір партадан – бір шаңыраққа
Андрей мен Ситораның таныстығы бала кезден басталады. Бір сыныпта оқыған екі жас уақыт өте бір-біріне ғашық болып, кейін отбасын құрған.
Қазір ерлі-зайыпты төрт ұл мен бір қыз өсіріп отыр.
Отбасы Кентауда тұрғанымен, кейін Түркістанға қоныс аударған. Андрейдің айтуынша, олардың айналасындағы орта түгелге жуық қазақ тілінде сөйлейді. Достары да, көршілері де күнделікті өмірде қазақша қарым-қатынас жасайды.
«Оңтүстікте орыс тілін көп қолданбаймыз. Достарымыз, көршілеріміз, араласатын адамдарымыздың барлығы қазақша сөйлейді. Сондықтан бізге де қазақша сөйлесу қалыпты жағдай», – дейді Андрей.
Олардың отбасындағы қазақы орта тек тілмен шектелмейді.
Бес баласына Алмас, Шәміл, Раяна, Мирас және Алан деп ат қойған ерлі-зайыпты балаларын қазақтың салт-дәстүріне сай өсіріп келеді. Сәбилері дүниеге келгенде бесік тойын өткізіп, ұлдарын сүндетке отырғызып, сүндет той жасаған.
«Түрің таза орыс, сөзің таза қазақ»
Бүгінде Андрей әлеуметтік желіде қазақ тілінде видео жариялап, күнделікті басынан өтетін қызықты жағдайларды әңгімелейді. Алайда бастапқыда блог жүргізу оның ойында болмаған.

Оған әлеуметтік желіге видео түсіруге Айбек есімді досы кеңес берген.
«Ол маған: “Түрің таза орыс, сөзің таза қазақ. Оның үстіне орысшаны да дұрыс сөйлей алмайсың. Соның кесірінен күнде қызық жағдайларға тап боласың. Неге соларды видеоға түсіріп, желіге салмайсың?” деді», – деп еске алады Андрей.
Досының сөзі ой салған соң ол күнделікті өміріндегі оқиғаларды қазақша баяндап, видео жариялай бастаған.
Расында, Андрейдің сыртқы келбеті мен сөйлеу тілі кейде бейтаныс адамдарды таңғалдырады.
«Андреймін десем, сенбеді»
Бір кезеңде Андрей Астанаға жұмыс іздеп барған. Сол кезде қазақ тілін жетік білгенімен, орысша еркін сөйлей алмауы қиындық туғызғанын айтады.
Оның сөзінше, бірнеше жерден жұмыс таба алмаған.
«Шала орысшамның әсері болғанын сезетінмін. Оны ешкім бетіме тікелей айтқан жоқ. Бірақ “сізді жұмысқа қабылдай алмаймыз” деп шығарып салатын», – дейді ол.
Кейін тамаққа тапсырыс қабылдайтын қызметке орналасқан. Сол жұмыста болған бір жағдай әлі күнге дейін есінде.
Әлібек есімді тұтынушы оған тапсырысын түгелдей орыс тілінде айтыпты. Әңгіме арасында клиент қызметкердің есімін сұрайды.
«“Андрей” дедім. Ол маған сенбей, “тапқан екенсің әзілдесетін адамды” деді. Жұмыс істеп тұрған соң өзімнің шынымен Андрей екенімді түсіндіруге тырыстым. Ішімнен “өзің Әлібек бола тұра, неге қазақша сөйлемейсің?” деп сұрағым келеді. Бірақ ол – тұтынушы. Сондықтан үндемей, ішімнен күліп қоямын», – дейді Андрей.
«Ұлтың кім?» – «Қазақ!»
Андрейдің әлеуметтік желідегі ерекше видеоларының бірі өз балаларына қойған қарапайым сұрақтан туған.
Әкесі балаларының орысша сөйлемейтінін айтып, олардың өз ұлтын қалай қабылдайтынын бұрын арнайы сұрап көрмегенін жеткізеді. Бір күні камераны қосып, үш баласынан кезек-кезек:
«Ұлтың кім?» – деп сұрайды.
Үшеуі де ойланбастан:
«Қазақ», – деп жауап берген.
Балаларының жауабына Андрейдің өзі де күліп:
«Әкелерің орыс болса, сендер қайдан шыққан қазақсыңдар?» – деп сұрайды.
Сонда балалар әкесіне:
«Сен орыс-қазақсың», – деп жауап берген.
Бұл сәт желі қолданушыларының ерекше ықыласын тудырған.
Балалардың жауабы олардың қай ортада өсіп келе жатқанын да аңғартады. Үйдегі қарым-қатынас, достары, күнделікті сөйлейтін тілі мен отбасында ұстанатын дәстүрлері олардың дүниетанымына әсер еткен.
Андрейден мысқылдап «Неге сонша қазақ болып кеткенсің?» деп сұрағандар да бар
Андрей әлеуметтік желіде қазақша контент жасауды енді жай ғана қызық үшін түсірілген видеолар деп қарамайды. Оның айтуынша, бұл – саналы таңдау.
Қазақстанда туып-өскен азамат ретінде мемлекеттік тілге, өзі өмір сүріп отырған елдің мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарауды табиғи нәрсе санайды.
«Біз – Қазақстан азаматтарымыз. Осы елде жайлы өмір сүруге мүмкіндік алып отырмыз. Менің қазақша сөйлеуім, салт-дәстүрге құрметпен қарауым – Отаныма деген құрметім. Сондықтан қазақша өмірімнен видео түсіруді жалғастыра беремін», – дейді ол.
Желіде оны қолдап, жылы пікір қалдыратындар көп. Дегенмен арасында таңдауының себебін түсінбейтін адамдар да кездеседі.
Бірде орыс жігіті Андрейден:
«Неге соншама қазақ болып кеткенсің?» – деп сұрапты.
Андрей оған ұзақ түсініктеме бермеген.
«Бұл – менің таңдауым», – деп жауап қайтарған.
Оның ойынша, Қазақстандағы әр азамат мемлекеттік тіл мен елдің салт-дәстүріне құрметпен қараса, қоғамдағы татулық та нығая түседі.
«Барлық Қазақстан азаматы қазақ тіліне, еліне, салт-дәстүріне құрмет көрсетсе, ынтымағымыз бізді үлкен жетістікке жеткізеді деп сенемін», – дейді Андрей.
Тілді ұлт емес, орта қалыптастырған отбасы
Андрей мен Ситораның отбасы – Қазақстандағы көпэтносты қоғамның өзіндік бір көрінісі. Бірінің әкесі орыс, анасы татар болса, екіншісінің әкесі тәжік, анасы татар. Бірақ екеуінің балалық шағы қазақы ортада өтті.
Сол орта олардың сөйлейтін тілінен бастап отбасылық дәстүріне дейін ықпал еткен.
Бүгінде бес баласын тәрбиелеп отырған жас отбасы үшін қазақ тілі арнайы үйренетін пән емес. Ол – үйдегі әңгіме, достарымен сөйлесетін тіл және балалары өсіп келе жатқан ортаның ажырамас бөлігі.
Ал балаларының «біз қазақпыз» деген аңғал жауабы бұл отбасының күнделікті өміріндегі қазақы ортаны бір ауыз сөзбен сипаттап бергендей.