Спорт

«Астана» баскетбол клубы жұмысын тоқтатуы мүмкін: себебі айтылды

«Астана» баскетбол клубының қызметін тоқтатуы мүмкін екені туралы ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берілді. Бұған команданың соңғы жылдардағы нәтижесінің төмендеуі және спортты қаржыландыру талаптарының өзгеруі себеп болып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ.

Ресми мәліметке сәйкес, кейінгі жылдары «Астана» клубының халықаралық жарыстардағы көрсеткіштері қойылған міндеттер мен күтілген нәтижелерге сай болмаған.

Өткен маусымда команда ВТБ Бірыңғай лигасында 44 кездесу өткізіп, соның небәрі екеуінде жеңіске жеткен. Нәтижесінде «Астана» 12 команданың арасында соңғы орынға тұрақтады. Клубтың жеңіліс көрсеткіші 95 пайыздан асып, бұл оның аталған лигадағы тарихындағы ең төмен нәтиже болған.

Бұдан бөлек, «Астана» сегіз жыл қатарынан ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф кезеңіне өте алмаған.

Команданың ішкі біріншіліктегі нәтижелері де көңіл көншітпеген. Клуб Қазақстан кубогын жеңіп ала алмай, Ұлттық лигада да чемпиондық атаққа қол жеткізбеді.

Сонымен қатар былтыр Қазақстанда спортты қаржыландырудың тиімділігін арттыруға бағытталған заң қабылданған. Құжатта ұлттық құрамаларды дамытуға, спорт резервін қалыптастыруға басымдық беру қарастырылған. Сондай-ақ легионерлерді бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу көзделген.

Осыған байланысты қазақстандық баскетболды дамыту тәсілдерін қайта қарау мәселесі қарастырылып жатыр.

Алдағы уақытта негізгі басымдық жастар командасын дамытуға, спорт резервін даярлауға және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға беріледі.

Айта кетейік, әзірге таратылған ақпаратта «Астана» баскетбол клубының қызметін тоқтату туралы түпкілікті шешім қабылданғаны айтылмайды. Әңгіме отандық баскетболды дамыту бағытын қайта қарау мүмкіндігі туралы болып отыр.