Пауэрлифтингші Гүзәл Ергешева Англияда қайтыс болды
Гүзәл Ергешева түнде ұйықтап жатқан кезде аяқ астынан қайтыс болған.
Қазақстандық спортшы, пауэрлифтер Гүзәл Ергешева 8 тамызда Англияда көз жұмды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Соңғы жылдары Гүзәл Ергешева жұбайымен бірге шетелде тұрған. Суыт хабарды оның жақын құрбысы, тележүргізуші Адель Оразалинова жеткізді. Оның айтуынша, екеуі 30 жылға жуық уақыт бойы дос болған.
“Біздің достығымызға 30 жылға жуықтады. Бойы ұзын және кішкентай екі қыздың ерекше достығы еді. Ол сүйіспеншілікке бөленіп, өзін жақсы көретін жандардың ортасында өмірден өтті. Өмірде өз орнын тапқан, жарқын, жоспары көп әрі айналасына мейірімін төге білген жан еді”, – деді ол.
Адель Оразалинованың сөзінше, Гүзәл Ергешева түнде ұйықтап жатқан кезде аяқ астынан қайтыс болған. Бір күн бұрын ол жұбайының туыстарымен уақыт өткізіп, кейін құрбысымен кездескен. Сол кезде күнінің жақсы өткенін айтып, алдағы жоспарын бөліскен.
Қазір марқұмның туыстары оның денесін Қазақстанға жеткізіп, жерлеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселесімен айналысып жатыр.