Қоғам

Қазақстанда тамыз айындағы ҰБТ басталды

Қазақстанда 10 тамызда, тамыз ҰБТ-сы басталды. Тестілеу 14 тамызға дейін жалғасады, оған қатысуға 30 мыңнан аса өтініш түскен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

ҰБТ-ның алғашқы күні тестілеуге 6,7 мыңнан астам адам қатысып жатыр. Олардың 65 пайызы қазақ тілін, 35 пайызы орыс тілін таңдаса, тағы 100-ге жуық талапкер емтиханды ағылшын тілінде тапсырады.

Тамыз ҰБТ-сына биылғы және алдыңғы жылдардағы мектеп және колледж түлектері, қандастар, шетелдік мектеп түлектері, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа бағыттарға немесе басқа бағыттардан педагогикалық мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер, сондай-ақ жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсіп, былтырғы оқу жылында шекті балл жинай алмаған адамдар қатыса алады.

Колледж түлектері үшін бөлек ережелер қарастырылған. Өз мамандығы бойынша оқуын жоғары оқу орнында ақылы негізде жалғастыруды жоспарлағандар әңгімелесу нәтижесі бойынша оқуға түсе алады. Бұл жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.