Қоғам

Жамбыл облысында әйел TikTok-тағы тікелей эфирден кейін психикалық ауруханаға жатқызылды

TikTok-та тікелей эфир кезінен кейін 41 жастағы әйел облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

TikTok-та "Алтын қыз" деген лақап атпен танымал Жамбыл облысы Байзақ ауданының тұрғыны Лайло Қасымова Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды.

Полицияның мәліметінше, бұған дейін әйел тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ескертулер мен жүргізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан, әйел әрекетін тоқтатпаған. Тіпті кәмелетке толмаған балаларына қатысты да балағат сөздер айтқан.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері қорғаншылық органдарымен және басқа да тиісті қызметтермен бірлесіп, балалардың тұру және тәрбиелену жағдайын тексерді. Қазіргі уақытта олар әкесінің қарауында.

Жедел медициналық жәрдем бригадасы тексергеннен кейін Лайло Қасымова Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды, қазір ол сол жерде ем қабылдап жатыр.