Абай мұрасы ұлықталған әдеби-сазды кеш өтті
Атырауда қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай мұрасы - ұлт қазынасы» атты әдеби-сазды мәдени іс-шара өтті. Жиынға өңір тұрғындары мен қала қонақтары қатысып, ұлы ақынның шығармашылығына арналған тағылымды бағдарламаны тамашалады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-Шара Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры актерлерінің қатысуымен дайындалған театрландырылған поэтикалық прологпен басталды. Сахналық қойылымда Абайдың өмір жолы мен ағартушылық қызметі, ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі тағылымы көркемдік шешім арқылы көрерменге ұсынылды.

Мерекелік жиында Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов жиналған қауымды Абай күнімен құттықтап, ұлы ақын мұрасын дәріптеудің бүгінгі қоғам үшін маңызына тоқталды.

- Абай қазақ руханиятының шамшырағы, темірқазығы. Алаштың сол темірқазығы биікте жарқырап жүруі үшін, ақсақалдарымыздан бастап, кейінгі ұрпақ Абай өркениетін дамытуға еңбек ету керек. Келер ұрпақтың бойына кемелділікті сіңіріп, ұлы ақын армандаған жақсы қоғамды қалыптастыруға жұмыла атсалысуымыз қажет,- деді Д.Шамұратов.
Бұдан кейін іс-шараға қатысушылар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ақынның рухына тағзым етті.
Әдеби-сазды кеш облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Көрермен назарына Абайдың әндері, күйлер мен ақын шығармалары негізіндегі поэзиялық композициялар ұсынылды.