Нұрай Серікбайдың өлімі: марқұмның ағасы сотталушыдан не себепті 10 млрд теңге өтемақы талап еткендерін айтты
Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың жақындары сотталушыдан неліктен материалдық және моральдық шығын ретінде 10 миллиард теңгеден астам өтемақы талап еткендерін түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Марқұм қыздың ағасы Сұлтан Серікбай Instagram-дағы парақшасында мұның бірнеше себебі бар екенін айтты.
"Заң тұрғысынан алсақ, сотталушы осы шығындарды өтемейінше, ешқандай да шартты жаза, мерзімінен бұрын шартты түрде босату немесе басқа да жазасын жеңілдететін жағдайларға қол жеткізе алмайды. Яғни, өмір бақи төлеп өтетіндей үлкен сома болуы керек.
Екіншіден, сот үкім шыққан кезде қанша соманы бекітетінін өзі біледі, сондықтан ол шешім соттың өзіне қалады.
Үшіншіден, жәбірленуші тарап қандай сома талап ететінін өзі біледі, сондықтан біз өзіміз дұрыс деп шешім қабылдаған соманы бекіттік.
Моральдық тұрғыдан алсақ, әлемнің бүкіл ақшасын қосып берсе де, Нұрайдың құнын бізге өтеп бере алмайды. Өйткені біз үшін адамның өмірі ақшамен есептелмейді.
Сондықтан, егер біз Нұрайдың жоқтығымен сыналатын болсақ, сотталушы тарап ақшаның осындай... ақшамен сыналу керек деп ойлаймыз.
Екінші себебіне келетін болсақ, егер де бұл моральдық шығындардың барлығы өндірілетін болса, қайырымдылыққа, яғни осы сталкинг болсын, осындай зардап шеккен қыздарға немесе басқа да адамдарға көмегімізді беріп, Нұрайдың атынан бағыттайтын боламыз", - деді Сұлтан Серікбай.