"Даусымызды ешкім естімейді": марқұм Арман Дүйсеновтің жесірі ұлының өліміне қатысты Бас прокурордан көмек сұрады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:14
- 23
Композитордың жұбайы ұлының өзіне қол салды дегенге сенбейтінін жеткізді. Журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында Бас прокурор Берік Асыловтан көмек сұрады.
"Дауға салынған пәтерімізді сот арқылы қайтарып алдық. Бірақ екінші тарап ол шешіммен келіспей, Жоғарғы сотқа шағым түсірді. Сот отырысы 11 тамызға белгіленген. Менің қазіргі көмек сұрап отырғаным – ұлымның өліміне қатысты іс. Тергеушілер «Абылай өзіне қол жұмсаған» деп істі жауып тастаған. Ұлыма екі досы қомақты ақша қарыз еді, олар «қайтардық» дегенімен, ешқандай дәлел қағаздары жоқ. Тіпті ұлымның телефонын алғанда соңғы екі айдағы жазбалар өшіріліп кеткен", – деді Айсұлу Айданқызы.
Оның айтуынша, тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы тергеу нұсқасына мүлде сәкес келмейді.
"Біз сарапшыларға қайтадан экспертиза жасаттық. Олар «адам екі қолы артына байланған күйде суицид жасай алмайды» деген қорытынды берді. Сол қорытынды негізінде істі басқа баппен қайта қозғатқымыз келеді. Бірақ менің сөзіме құлақ асып жатқан не тергеуші, не прокурор жоқ. Даусымызды ешкім естімейді. Сол себепті Берік Асыловтан көмек сұраймын", – деп түйіндеді марқұмның анасы.


