Қазақстандықтар енді садақа, көрімдік пен сүйіншіні арнайы қосымша арқылы бере алады
Қазақстандықтар садақа, көрімдік, сүйінші және асарға ақшаны автоматты түрде аудара алады. Бұл туралы BTS Digital өкілі Мақсат Нұриденұлы мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Aitu мессенджерінде қазақстандықтардың салт-дәстүрлері мен күнделікті өміріне қатысты функциялар пайда болады.
Нұриденұлының айтуынша, бүгінде Қазақстанда 8 миллионнан аса отбасы тұрады және олардың әрқайсысының дерлік туыстарымен ортақ чаты бар. Мұндай чаттарда пайдаланушылар фотосуреттерді сақтай алады, маңызды отбасылық оқиғалар күнтізбесін жасап, еске салулар алып, түрлі іс-шараларды ұйымдастыра алады.
Сонымен қатар әзірлеушілер қазақстандықтар үшін үйреншікті ақшалай дәстүрлерді цифрлық форматқа көшіруді жоспарлап отыр.
"Сондай-ақ қазақстандықтар үшін сүйінші, көрімдік, садақа және асар сияқты салт-дәстүрлерге байланысты үйреншікті автоматты ақша аударымдары қолжетімді болады", - деді BTS Digital өкілі.
Осылайша, пайдаланушылар белгілі бір оқиғаларға немесе дәстүрлерге байланысты тиісті ақша аударымдарын алдын ала баптай алады.
Тағы бір бағыт цифрлық "Шежіре" болмақ. Пайдаланушылар өз отбасының тарихы мен шежіресін ыңғайлы цифрлық форматта сақтай алады.
Әзірлеушілер қазақ тіліне ерекше көңіл бөлген. Қосымшада қазақ және орыс тілдері арасында автоматты аударма жасау жоспарланған. Нұриденұлының айтуынша, бұл функция 100-ден астам этнос өкілдері тұратын Қазақстан үшін өте өзекті.