Нұрай Серікбай өлімі: сарапшылар сотталушының қылмыс кезінде "аффект жағдайда болдым" дегенін жоққа шығарды
Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында сарапшылар 28 жастағы айыпталушының психикалық жағдайы мен оның қылмыс кезіндегі жағдайына баға берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
11 тамызда сот Алматыдағы Сот сараптамасы институты мамандарынан жауап алды. Сотта алғашқы болып сотталушыны тексерген сарапшы-психиатр Темірлан Сейтек ер адамда психикалық ауытқу бар екенін растады, бірақ бұл оның өз іс-әрекетін түсінуіне және бақылауына кедергі болмаған.
"Оның диагнозы – "аралас мазасыз ойлар мен әрекеттер" (обсессивті-компульсивті бұзылыс). Халықаралық аурулар классификациясына сәйкес, бұл F42.2 кодымен белгіленеді. Бұл оны өз іс-әрекетінің мәнін толық сезіну және оған жауап беру қабілетінен айырмайды. Ол жасаған әрекетінің қылмыстық сипатын түсіне алған", – деді сарапшы.
Маманның айтуынша, бұл бұзылыс қылмыс жасалған сәтте сотталушының мінез-құлқына әсер етпеген. Сарапшы сотталушы не болып жатқанын түсінген және өз іс-әрекетін басқара алатын күйде болған деген қорытындыға келді.
Сарапшы-психолог Күләш Қожамжарова айыпталушы кісі өлтіру кезінде сотталушы аффект жағдайында болмаған деген қорытындыға келген.
"Аффект жағдайын анықтау кезінде біз үш фазаны қарастырамыз. Әрқайсының өз критерийлері бар. Қажетті белгілер толық көлемде болмағандықтан, біз оның аффект жағдайда болмағандығы туралы қорытындыға келдік", – деп түсіндірді Қожамжарова.
Оның айтуынша, қылмыс сәтін есіне түсіре алмауы оның аффект жағдайында болғанын растамайды. Ондай жағдайда адам үзік болса да есіне сақтай алады.
"Қылмыс сәтін есіне түсіре алмауы туралы мәлімдеменің өзі аффект жағдайын растамайды. Аффект кезінде жасалған әрекеттер әдетте ішінара, фрагменттермен сақталады: адам жекелеген эпизодтарды есте сақтап, оларды айтып бере алады. Біздің жағдайда мұндай белгілер анықталған жоқ", – деді сарапшы.
Осылайша, психологтар мен психиатрлардың кешенді сараптамасы Ш. А.-ның қылмыс кезінде ақыл-есі дұрыс болғанын және өз іс-әрекетіне жауап бере алғанын анықтады.