Прокурор Нұрай Серікбайды өлтірді деген сотталушыны өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында прокурор айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
28 жастағы Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылып отыр.
Тараптар жарыссөзі барысында прокурор Мадияр Әбілқасымов соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, әр эпизод бойынша келесідей жаза мерзімдерін тағайындауды сұрады:
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бойынша – өмір бойына бас бостандығынан айыру;
- 125-1-бап "Некеге тұруға мәжбүрлеу" бойынша – 2 жылға бас бостандығынан айыру;
- 115-1-бап "Сталкинг" бойынша – 200 сағаттық қоғамдық жұмыс.
"Өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраймын. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұраймын. Жаза өтеу мерзімі үкім жарияланған күннен бастап есептелсін. Аймаханға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын", – деді прокурор.