Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Ақорда төрінде өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын, ұлт мүддесі үшін қажырлы қызмет етіп, халықтың ықыласына бөленіп келе жатқан бір топ азаматқа құрмет көрсетті.
Атап айтқанда, көрнекті суретші, танымал өнер қайраткері Бәтима Зәуірбековаға "Отан" ордені, көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі "Барыс" ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі "Барыс" ордені табысталды. Белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға "Қазақстанның халық әртісі" атағы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев марапат иелерін құттықтап, әрқайсысының ел үшін сіңірген еңбегіне жеке-жеке тоқталды.
Президент ұлттық мәдениетімізді дамыту жолында көп еңбек етіп, бейнелеу өнерінде қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленген Бәтима Зәуірбекова отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маман атанғанына назар аударды.
Саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнап келе жатқан көрнекті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұртбай төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Мемлекетіміздің дамуына Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап белсене атсалысып келе жатқан Александр Судьинге алғыс айтты.
Сондай-ақ Президент театр және кино саласында жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың төл мәдениетімізді өркендету жолындағы еңбегі зор екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы кәсіби жолын агрономдықтан бастап "Хильниченко және К" серіктестігінің басшысына дейін көтерілген Виктор Хильниченконың агроөнеркәсіп саласын дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, Алматы облыстық мәслихатының депутаты ретінде жемісті қоғамдық қызмет атқарғанын да атап өтті.