Геннадий Головкин ISSA вице-президенті қызметіне ұсынылды
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) Азия және Еуропа бойынша вице-президенті қызметіне үміткерлердің ресми тізіміне енді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның кандидатурасы біліктілік және этикалық талаптарға сәйкестігін тексерудің барлық тиісті рәсімінен өтті.
«Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің атынан қатысады және ISSA Атқарушы комитетінің 2026-2029 жылдарға арналған сайлауына кандидат ретінде тіркелді», – делінген хабарламада.
Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Ұлттық Олимпиада комитеттерін біріктіреді. ISSA аясында өтетін негізгі спорттық жарыстардың бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.
Сайлау 2026 жылғы 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтетін ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтеді.