Қоғам

"Павлодар Ресейдікі": ресейлік стример Қазақстан туралы теріс пікір айтқаны үшін елден қуылды

Астанада танымал ресейлік стример Ксения Гузаева тікелей эфирде Қазақстан туралы айтқан даулы жазбалары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кейін елден қуылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында шет мемлекет азаматшасы Г.К.-ның арандатушылық және әдепке жатпайтын пікірлер айтқан тікелей эфирлері анықталды. Сот шешімімен шетел азаматшасы айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңға сәйкес, оның Қазақстанға кіруіне бес жыл мерзімге шектеу қойылды.

«Сот шешімімен шетел азаматшасы айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңнамада белгіленген тәртіппен оны ел аумағынан шығару бойынша тиісті шаралар қабылданды. Заңнамаға сәйкес оған Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге шектеу қойылды», – делінген ПД хабарламасында.

Қазақстан шетел азаматтары мен ел қонақтары үшін ашық мемлекет. Алайда,  Қазақстан Республикасының аумағында болу заң талаптарын мүлтіксіз сақтауды, сондай-ақ елімізге, оның азаматтарына және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларына құрметпен қарауды талап етеді.

«Шетел азаматшасы Г.К. Қазақстан Республикасының аумағынан кетті. Бұған дейін сот оны әлеуметтік желілердегі арандатушылық және әдепсіз сипаттағы пікірлері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге шектеу қойылды. Заң талаптарын сақтау және елге құрметпен қарау – баршаға ортақ міндет», – деп жазады қалалық Полиция департаменті.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанға көшіп келген ресейлік блогер Ксения Гузаева (Fassoollka) тікелей эфир кезінде Қазақстан туралы теріс пікір айтып, көпшіліктің ашуын туғызған еді.

Тікелей эфир барысында ол Қазақстанды "Мамбетстан", "Штрафстан" деп атап, қазақ халқына қатысты балағат сөздер айтқан. Сонымен қатар ол Павлодарды “Ресейдікі” деп атаған.