Денсаулық

Қызылорда облысында отадан кейін қазақстандықтың денесінде бөгде зат ұмытып кеткен

Қызылорда облысында ота кезінде науқастың денесінде дәке тампоны қалып қойған. Кейін асқыну салдарынан оған қайта ота жасатуға тура келген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Науқас сотқа жүгінген. Сот отырысы барысында ер адамға бастапқыда кистаны алып тастау бойынша ота жасалғаны анықталды. Алайда хирургиялық араласудан кейін оның денсаулығы жақсармай, керісінше, жағдайы күннен-күнге нашарлай берген соң, басқа медициналық мекемеге жүгінуге мәжбүр болған. Мұнда дәрігерлер қайта ота жасап, алдыңғы ота орнынан қалып қойған дәке тампонын - марлеоманы анықтады.

Ер адам қайта жасалған ота ақысын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болған.

Осыдан кейін ол медициналық мекемеден материалдық шығын мен моральдық зиян өтемақысын өндіруді талап етіп, сотқа арызданды.

Пациенттің денесінде бөгде заттың қалып қойғандығын қайта жасалған ота хаттамасы, медициналық құжаттар мен бейнежазба растады. Сонымен қатар тиісті мән-жайларды пациент қайта емделген медициналық мекеменің өкілі де растап берген.

Дәрігерлік қателіктің салдары - ұзақ уақыт бойы жазылмаған жара мен қабыну процесі- медициналық құжаттармен және емдеуші дәрігердің түсіндірмелерімен де дәлелденді.

Медициналық қызмет көрсету сапасын бақылауға жауапты уәкілетті орган жоспардан тыс тексеру барысында алғашқы клиникада медициналық көмек көрсету кезінде көптеген заңбұзушылықтарды анықтады.

Атап айтқанда, алғашқы ота кезінде міндетті стандарттар сақталмаған. Отадан кейінгі пациентті бақылау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген.

Заңбұзушылықтар медициналық құжаттамадан да табылды. Күнделікті жазбалар толық болмаған, зерттеу нәтижелеріне клиникалық түсініктеме берілмеген, сондай-ақ ота кезінде алынған материалдарды зерттеу туралы мәліметтер де жоқ болып шықты.

Ұсынылған айғақтарды зерттей келе, сот медициналық мекеменің кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келді.

Пациенттің талап арызы қанағаттандырылды. Медициналық мекемеден оның пайдасына моральдық зиян өтемақысы мен материалдық шығын ретінде 1,5 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді.