Алматы облысында 38 жастағы әйел күйеуін өлтірді: марқұмның туыстары сот шешімімен келіспейді
Алматы облысында күйеуін пышақтап өлтіріп, кейін ақталып шыққан әйелдің қайын жұрты оның жазсыз қалатынына наразы. Сот алқабилері әйелдің ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық көргенін және пышақты өзін қорғау мақсатында қолданғанын ескерген. Дегенмен марқұмның туыстары үкіммен келіспей, оны жазалауды талап етуде, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқиға үш ай бұрын Шеңгелдіде болған. Үйдегі жанжал кезінде 38 жастағы әйел күйеуінің кеуде тұсына пышақ сұғып, ер адам сол жерде көз жұмған. 16 жыл отасқан ерлі-зайыптының төрт баласы бар. Қайғылы жағдай кезінде әйел жүкті болған.
Куәгердің айтуынша, әйел ер адамға өзі барып пышақ сұққан.
"Сау бол" деп, енді кете бергенде, келін жүгіріп келді. Күйеуі кеудесін көтерген кезде лезде пышақ ұрған. Бітті. Бір-ақ соққы. Бірақ ол өз аяғымен жүрді. "Тәте, жедел жәрдем шақыртасыз ау" деді. Сол жерде құлады ғой”, – деді куәгер.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әйелді 99-бабының 1-бөлігімен тағылған айып бойынша кінәлі емес деп таныды.
“Үкіммен сотталушыға қатысты қолданылған "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылды. Жәбірленушінің моральдық және мүлік зиянын өндіру туралы азаматтық талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылды”, – делінген хабарламада.
Үкім марқұмның жақындарына ауыр тиген. Олар әйелдің бостандыққа шыққанын әділетсіздік деп санап, сот шешімімен келіспейтінін айтты.
“Әділетті сот болып, өзінің жазасын алмады. Ана ретінде соған күйінемін. Менің арқа сүйеп отырған жалғыз балам еді. Осы үйімнің иесі, тірегі, жалғыз ұлымды өлтіріп, өз үйінде еркіндікте, жазадан босап кетуі мен үшін ауыр болды. Әділ сот болғанын қалап едім”, – деді марқұмның анасы.
Ал әйелдің мүддесін қорғаған заңгер оқиғаны мүлде басқаша баяндады. Оның айтуынша, сырт көзге бақытты болып көрінген отбасында зорлық-зомбылық әрекеті көп болған. Ұрып-соғудан бөлек, марқұм бірнеше жыл бұрын жұбайына жыныстық жолмен тарайтын ауру жұқтырған көрінеді.
“Марқұм күш қолданған. Атап айтқанда, әйелін ұрып, шап аймағынан тепкен. Осыдан кейін ол үйден қашып кеткен. Жақын жерде тұратын күйеуінің туыстарына барып көмек сұраған, полиция шақыруды өтінген. Бірақ туыстары полиция шақырудан бас тартқан. "Біз сіздердің отбасындағы мәселелеріңізге, жанжалдарыңызға араласқымыз келмейді. Кешіріңіз, үйіңізге барыңыз, тынышталыңыз" деген. Ал пышақты келіншек өзін қорғау үшін пайдаланған. Себебі, марқұм сол күнге дейін де бірнеше рет тұншықтыру әрекетін жасапты”, – деді заңгер Ғалым Нұрпейісов.
Енді қайтыс болған Дәуреннің туыстары жақын күндері апелляциялық сотқа жүгінбек. Қара жамылған Рысқұловтар отбасы әйелдің түрмеге тоғытылуын соңына дейін талап етеміз деп отыр.