Баян Алагөзова мен Динара Сәижанға тіл тигізген ақтөбелік емші 1,5 миллион теңге айыппұл салынды
Танымал продюсер Баян Алагөзова мен журналист Динара Сәтжанға қатысты әлеуметтік желіде ақпарат таратқан ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесова әкімшілік жауапқа тартылды. Ол “жала жабу” бабымен кінәлі деп танылып, 1 миллион 557 мың теңге айыппұл арқалады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ақтөбе қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Ұлан Есжановтың соттағы мәліметінше, арыздар 15 мамырда "Е-Өтініш" арқылы түскен. Оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігі “Жала жабу” бойынша хаттама толтырылды.
“26 маусымда іс құжаттары сот медициналық сараптамаға жолданды. 13 шілдеде сот қаулысы шыққаны туралы хабарлама келді. 20 шілдеде іс құжаттары сотқа жолданды”, – деді инспектор.
Жәбірленуші ретінде танылған продюсер Баян Алагөзова айтуынша, емші өзі туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат айтқан. Сол себепті оған кешірім бермейтінін және медиациялық келісімге бармайтынын айтты.
“Мені қорлады, кемсітті. Мұның бәрін тыңдап отыруға лайықты емеспін. Барлық порталдан көрдім. Осы себепті тіпті Tik-Tok парақшамды өшіріп тастадым. Тұлға, адам ретінде еңсеңді езіп жібереді. Есірткіге құмар, мемлекеттен ақша алып, жігіттерді жалдайды, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсайды деп айтқан. Көп қорлап, жала жапты. Мен әділ шешім шығарып, Лепесованы жазалауды сұраймын”, – деді Алагөзова.
Сотта Бағдагүл Лепесова өз кінәсін мойындамады. Ол Баян Алагөзованы танымайтынын, орыс тілін білмейтіндіктен, оның не айтқанын түсінбейтінін жеткізді.
“Менің бөлек әлемім бар. Бұл кісінің әлемін мен түсінбеймін. Өзіме тағылған айыптың ешқайсысын мойындамаймын. Орысша білмеуіме байланысты мені жазаға тартып отырған ханымды танымаймын деп айтамын. Айтқанын түсінбеймін. Өйткені бұлар орысша сөйлейтін адамдар. Екіншіден, сотқа беретіндей мен қателік жасаған жоқпын деп ойлаймын. Сол өзімнің жауабымды бердім түсініктемеде бар, бәрі анық”, – деді емші.
Судья Анар Айтжанова Бағдагүл Лепесованы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
“Бағдагүл Лепесова Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3 бабы 2 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 778 500 теңге әкімшілік айыппұл салынсын. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 58-бабына сай Байдагүл Лепесоваға түпкілікті 1 557 000 тг әкімшілік айыппұл салынсын. Айыппұл 30 тәуліктен кешіктірілмей төленуі тиіс”, – судья Айтжанова.