Алматыда ЕАЭО Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысы өтті
ЕАЭО елдерінің агроөнеркәсіптік кешенін интеграциялаудың жаңа кезеңінің негізгі бағыттары бірлескен инвестициялық және кооперациялық жобалар, терең өңдеу, цифрландыру, ғылыми-технологиялық ынтымақтастық және өзара сауда көлемін ұлғайту болуы тиіс.
Бұл басымдықтарды Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Алматыда өткен ЕАЭО Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысында атап өтті.
Отырысқа Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшесі – өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегян, Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут, Армения Республикасының Экономика министрі Геворг Папоян, Беларусь Республикасының Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Юрий Горлов, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Эрлист Акунбеков, сондай-ақ Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы джихады министрінің орынбасары Акбар Фатхи қатысты.
Отырысты ашқан төрағалық етуші Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешен Одақ елдері үшін азық-түлік қауіпсіздігін, экономикалық өсуді және ауылдық аумақтардың дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық сала болып қала беретінін атап өтті.
«Бүгінде ауыл шаруашылығы саясатын үйлестіруден нақты бірлескен жобаларды іске асыруға көшу маңызды. Бұл – инвестициялар, терең өңдеу, технологиялар, ғылыми әзірлемелер және жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыру мәселелері. Мұндай тәсіл қосылған құн қалыптастыруға және ЕАЭО мемлекеттері өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді министр.
Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешен тұрақты дамып келеді. Соңғы бес жылда саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі 10 есеге өсіп, 2025 жылы шамамен 3 млрд АҚШ долларын құрады. 2026 жылы бұл мақсатқа шамамен 4 млрд АҚШ доллары қарастырылған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,9%-ға өсіп, шамамен 20 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл ретте стратегиялық міндет – ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру.
Бидай өндірісі тұрақты түрде 18 млн тоннадан асады, астықтың жалпы түсімі шамамен 27 млн тоннаны құрайды. Ірі қара мал саны 8 млн басқа, ұсақ мал 21 млн басқа, жылқы 4,6 млн басқа, ал құс саны 49,1 млн басқа жетті.
Сонымен қатар экспорттық әлеует те артып келеді. Соңғы бес жылда Қазақстанның агроөнім экспорты екі есеге өсіп, 7 млрд АҚШ долларынан асты. Өткен маркетингтік жылда ел 15,3 млн тонна астық экспорттады. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға жоғары және соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Жалпы, қазақстандық агроөнім әлемнің 70-тен астам еліне экспортталады.
Экспортты ұлғайту үшін қосымша мүмкіндіктер 2026 жылғы мамырда Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының Қазақстанды аусылдан таза аймақ ретінде таныған шешімінен кейін пайда болды. Бұл шешімді ұйымға мүше 193 мемлекеттің барлығы қолдады.
Гоар Барсегян өз сөзінде Одақтың аграрлық секторындағы оң динамиканы атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өндірісі 167,5 млрд АҚШ долларына жетіп, мүше мемлекеттердің өзара саудасы 25%-ға өсті, ал азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етудің жалпы деңгейі 93,5%-ды құрады.
ЕЭК Алқасының мүшесі – өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі ЕАЭО-ның азық-түлік қауіпсіздігін одан әрі нығайту қажеттілігіне ерекше назар аударды.
«Қол жеткізілген өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі ұлттық және ұлтүстілік шараларды кешенді түрде қолданудың нәтижесі. ЕАЭО аграрлық нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін өндіріс көлемін арттырумен қатар, туындайтын тәуекелдерге уақтылы бірлесіп ден қою маңызды. Мүше мемлекеттердің іс-қимылдарын үйлестіру және келісілген шараларды әзірлеу Одақтың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
«Кеңес АӨК саласындағы саясаттың ең өзекті мәселелері бойынша пікір алмасудың тиімді алаңы екенін іс жүзінде дәлелдеді. Азық-түлік қауіпсіздігі доктринасына сәйкес Ресей АӨК өнімдерінің негізгі түрлерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға ұмтылып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі өнім түрлеріне қатысты ішкі сұранысты толық қамтамасыз еттік», – деді Оксана Лут.
Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрі Одақтың азық-түлік қауіпсіздігінің жоғары деңгейін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО-ның өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 94%-ды құрады. Ортақ тәсілдерді одан әрі дамыту және елдер арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету бұл көрсеткішті нығайтуға мүмкіндік береді.
Перспективалы бағыттардың бірі – бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі кооперациялық жобаларды іске асыру.
«Одақ аясындағы ғылыми әлеуетті шоғырландыру – заманауи агроөнеркәсіптік кешеннің инновациялық негізін қалыптастырудың қажетті шарты. Аграрлық ғылымды дамыту бағытындағы бірлескен жұмыс озық әзірлемелерді енгізуге және бүкіл саланың тиімділігін арттыруға қажетті нәтиже береді», – деп атап өтті Оксана Лут.
Эрлист Акунбеков бірлескен жұмысты кооперациялық жобаларды іске асыру, тұқым шаруашылығы мен селекцияны дамыту бағыттарына шоғырландыруды ұсынды.
Геворг Папоян ЕАЭО аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту өзара сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыруға, инвестициялар тартуға және Одақ кеңістігіндегі азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Отырыстың негізгі мәселелерінің бірі инвестициялық және өндірістік кооперацияны күшейту болды.
Күн тәртібінің жеке бөлігі цифрландыру мәселесіне арналды. Қазақстан жинақталған тәжірибені пайдалана отырып, цифрлық шешімдерді, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы бірлесіп әзірлеуді ұсынды.
Бүгінде еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 100%-ы цифрландырылған, ал аграршыларға мемлекеттік қолдау электрондық форматта көрсетіледі. ЕАЭО аясында фитосанитариялық сертификаттар бойынша деректер алмасу электрондық форматта жолға қойылған. Қазақстан мен Ресейдің ақпараттық жүйелерін интеграциялау ЕЭК алаңында халықаралық сынақтардан сәтті өтті.
Қазақстан Одақ кеңістігінде тиімді цифрлық шешімдерді кейіннен кеңінен енгізу мақсатында өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығында жасанды интеллектіні қолдану бойынша пилоттық жобаларды айқындауды ұсынды.
Интеграцияның тағы бір практикалық құралы – қойма куәліктері жүйесі. Тиісті келісім 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енді. Бұл тетік ауыл шаруашылығы өнімдерін кепіл ретінде пайдаланып, астық және басқа да өнім түрлерін кепілге қою арқылы несие ресурстарын алуға мүмкіндік береді. Келесі міндет – бұл тетікті іс жүзінде толық қолдануды қамтамасыз ету.
Қатысушылар тұқым шаруашылығы саласындағы заңнаманы одан әрі біріздендіру мәселелерін, сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған тақырыптар тізбесін қоса алғанда, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды іске асыру мәселелерін қарады.
ЕАЭО елдерінің ғылыми әлеуетін шоғырландыру селекцияны бірлесіп дамытуға, өнімділікті арттыруға, ресурсты үнемдейтін технологияларды енгізуге, ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеуге және саланың цифрлық трансформациясын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Қатысушылар Қырғыз Республикасының бастамасымен әзірленіп жатқан халал өнімдерді ЕАЭО аясында тану тәртібі туралы келісімді дайындау мәселесін де талқылады. Бірыңғай тәсілдер әкімшілік кедергілерді азайтуға, рәсімдердің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ өзара сауданы дамытуға және өндірушілердің халықаралық халал өнімдер нарығына шығуы үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.
Отырысты қорытындылай келе, Айдарбек Сапаров интеграция мемлекеттер мен бизнес үшін нақты экономикалық нәтиже беруі тиіс екенін атап өтті.
«Біздің елдерімізде өндірістік, инвестициялық және ғылыми әлеует айтарлықтай жоғары. Келесі кезеңнің міндеті – осы мүмкіндіктерді барынша тиімді біріктіру. Бірлескен жобалар жаңа қосылған құн жасауға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және ЕАЭО өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тиіс», – деп атап өтті министр.
Қатысушылар тиісті хаттамалық шешімдерді қолдады.
Келесі жылы ЕАЭО Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесіне төрағалық ету Қырғыз Республикасына өтеді.