Блогер Қайсар Қамзаның ісіндегі күдіктілердің есімдері жарияланды
Блогер Қайсар Қамзаның ісі бойынша күдіктілер арасында АҚШ пен Украина азаматтары бар. Қаржы мониторингі агенттігі блогер Қайсар Қамзаның ісіндегі күдіктілердің есімін жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Блогер аса ірі мөлшерде табыс тауып, лицензиясыз электрондық казино қызметін заңсыз ұйымдастыруға шет мемлекеттерден қолғабыс жасады деген күдікке ілінді. Әзірге атышулы іс бойынша тағы төрт күдікті пайда болды.
Мәселен, шетелде жүрген Дмитрий Дружинский мен Марина Левкович-Гинзбург онлайн-казинолардың қызметін үйлестіріп отырған деп айыпталуда.
Олар банктермен өзара тығыз қарым-қатынаста болып, жаңа сыбайластарды тарту жұмысын өз мойнына алды деп күдіктеліп отыр.
Аталмыш қылмыстық іске отыздан астам блогер тартылуы мүмкін деген болжам бар. Солардың бірі — Вьетнамнан экстрадицияланған отандасымыз Қайсар Қамза.