Мәдениет

Kanye West концертіне байланысты Алматыға әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар ағылды

Алматыда YE лақап атымен танымал америкалық рэпер Kanye West-тің концерті өтеді. Әлемдік тур аясындағы музыкалық кешті тамашалау үшін Қазақстанға Аустралия, Қытай, Ресей, БАӘ және өзге де елдерден жанкүйерлер арнайы келген, деп хабарлайды KYN.KZ.

Шетелдік қонақтар Алматыға тек концерт үшін келіп қана қоймай, қаламен танысып, оның табиғаты мен атмосферасына ерекше баға беріп жатыр. Кейбір туристер Қазақстандағы сапарын бірнеше күнге жоспарлаған.

«Қазақстанға келгеніме әлі де сене алмаймын»

Аустралиядан келген Дебора Лайт (Deborah Light) Алматыға ұлымен бірге жеткен. Ол YE-нің концертін көру үшін Қазақстанға арнайы келгенін айтып, сапардан алған алғашқы әсерімен бөлісті.

«Біз Қазақстанға YE-ні көру үшін келдік. Біз бұл елді жақсы көреміз және осында болғанымыздың өзіне қуаныштымыз. Қазақстанға келгеніме әлі де сене алмаймын, себебі бұл – таңғажайып ел», – деді Дебора Лайт.

Ол көптен күткен концертке ерекше көңіл-күймен келгенін де жасырмады. Аустралиялық жанкүйер сүйікті орындаушысының әндерін жанды дауыста тыңдап, концерт атмосферасын сезінуді асыға күтіп отырғанын жеткізді.

«Мен YE сияқты керемет өнер иесін тыңдайтыныма қуаныштымын. Барлық әндерін тыңдап, ерекше вайбты сезіну үшін позитивті энергияға толып тұрмыз», – деді ол.

Дебора Лайт қазақстандықтарға жылы қабылдауы мен қонақжайлығы үшін алғысын білдірді.

БАӘ-ден келген қонақ: «Әзірге кеткіміз келмейді»

Концерт үшін Алматыға Біріккен Араб Әмірліктерінен де жанкүйерлер келген. Солардың бірі – Сұлтан Абдулла Әлғалиби.

Шетелдік мейман Алматының атмосферасы мен табиғатына тәнті болғанын айтып, қалада ұзағырақ қалғысы келетінін жеткізді.

«Әзірге кеткіміз келмейді», – дейді ол.

Осылайша, әлемдік деңгейдегі концерт шетелдік жанкүйерлер үшін Қазақстанмен және Алматы қаласымен жақынырақ танысуға да мүмкіндік беріп отыр.

Қытайлық жанкүйер Алматыда үш күн болады

YE-нің өнерін тамашалау үшін Қытайдан Кристалл Лю да арнайы келген. Ол Алматыда үш күн болуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Баршаңызға қайырлы кеш! Менің атым Кристалл Лю. Мен Қытайдан Kanye West-тің концертіне арнайы келдім. Алматыда үш күн боламын. Бұл перформансты асыға күтіп отырмын», – деді ол.

Кристалл Лю сүйікті әртісінің шығармашылығына деген ықыласын камера алдында да көрсетті. Қонақ YE-нің танымал «All Falls Down» композициясын орындап, шағын музыкалық тарту жасады.

Концерт Алматы туризміне де серпін берді

Әлемнің әр түкпірінен жанкүйерлердің арнайы Алматыға келуі концерттің ауқымын ғана емес, мұндай ірі мәдени іс-шаралардың қаланың туристік тартымдылығына ықпалын да көрсетеді.

Шетелдік қонақтар концертпен қатар Алматыны аралап, қаланың көрікті жерлері, табиғаты және жергілікті мәдениетімен танысуға мүмкіндік алып отыр.

Бүгінгі YE концерті осылайша тек музыкалық оқиға емес, Алматыны халықаралық аудиторияға танытатын маңызды мәдени шаралардың біріне айналды.