Дархан Сатыбалды Алматының білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясына қатысты (Фото)
Алматыда «Алматы – білім мен инновация орталығы: жаңа халықтық конституция құндылықтары негізінде адами капиталды дамыту» тақырыбында педагог қызметкерлердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Республика сарайында өткен іс-шараға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Конференцияда 2026–2027 оқу жылына арналған білім беру жүйесінің негізгі міндеттері айқындалды. Әсіресе, білім сапасын арттыруға, оқушылардың цифрлық құзыретін дамытуға, жасанды интеллектіні енгізуге, сондай-ақ «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» құндылықтарын нығайтуға баса назар аударылды.

«Біздің алдымызда жасалған мүмкіндіктерді нақты әрі өлшенетін нәтижеге айналдырып, балаларымыздың білім сапасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл ретте мұғалімнің кәсіби шеберлігі мен әр мектеп жұмысының тиімділігі шешуші мәнге ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Алматыда 2026–2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің өңірлік жоспары жүзеге асырылып жатыр. «Almaty Digital Mektebi» бірыңғай қалалық цифрлық платформасы кезең-кезеңімен енгізілуде. Қаладағы барлық мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген, білім беру үдерісіне қатысатын 200 мыңнан астам адам жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. Жаңа оқу жылында педагогтердің AI-құзыреттерін арттыру, 60 пәндік кабинетті жабдықтау және бейінді зертханаларды дамыту жұмыстары жалғасады», – деді Дархан Сатыбалды.

Маманмен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. 2027–2030 жылдары аса сұранысқа ие педагогикалық бағыттар бойынша Алматы әкімі гранттарын бөлу жоспарланып отыр. Оқу орнын аяқтаған түлектер кейін қала мектептеріне жұмысқа орналастырылады.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 40 мыңға жуық орынға арналған 37 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылының басына дейін 8 жаңа мектеп пен 3 жаңа корпус ашылып, 11 950 оқушы орны құрылады.

Алматы білім сапасы бойынша жоғары көрсеткіштерін сақтап келеді. Қала оқушылары 24 жыл қатарынан еліміздің үздік олимпиадалық командасы атанып отыр. 2026 жылы сегіз оқушы халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпазы және жүлдегері атанды. Педагогтер де жоғары нәтиже көрсетіп келеді: Алматының жеті мұғалімі «Үздік педагог – 2025» байқауының жеңімпазы атанса, №95 мектеп-лицейінің мұғалімі Татьяна Белоусова Global Teacher Prize нұсқасы бойынша әлемнің үздік 50 педагогінің қатарына енді.
Конференция аясында білім беру саласының үздік өкілдері марапатталды. Кәсіби шеберлігі, көпжылдық еңбегі және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін педагогтерге Алматы әкімінің алғыс хаттары мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградалары табысталды. Сондай-ақ, қаланың үздік білім беру ұйымдары анықталды: Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия үздік орта білім беру ұйымы деп танылып, қала әкімінің 68 млн теңге көлеміндегі грантына сертификат алды. Алматы технологиялық колледжі үздік техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы деп танылып, оған да материалдық-техникалық базаны дамытуға және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуге 68 млн теңге көлемінде грант бөлінді.
Конференция қорытындысы бойынша жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттер – оқушылардың білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету, мектеп басшыларының жауапкершілігін күшейту және білім беру ұйымдарына атаулы қолдау көрсету айқындалды.