Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Еркіндік пен әдепсіздіктің шекарасынан өтіп кетпейік»: Дәурен Сейтжанұлы қоғамдағы амандасу әдебін сөз етті

«Еркіндік пен әдепсіздіктің шекарасынан өтіп кетпейік»: Дәурен Сейтжанұлы қоғамдағы амандасу әдебін сөз етті
Дәурен Сейтжанұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан
Журналист Дәурен Сейтжанұлы қоғамдағы ер мен әйел арасындағы амандасу мәдениетіне қатысты пікір білдірді. Ол көпшілік ортада құшақтасып, сүйісіп амандасу секілді әрекеттердің қазақы әдеп пен сыйластыққа қаншалықты сай келетіні туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды KYN.KZ.

Дәурен Сейтжанұлы әлеуметтік желідегі жазбасында Мемлекет басшысының құқықтық мәдениет пен адамның күнделікті жүріс-тұрысына қатысты айтқан сөзіне назар аударған.

«Құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет. Бұл – әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті, мінез-құлқы заңға қайшы болмауы керек деген сөз», – деген Президент сөзін келтіреді автор.

Осы ойды негізге алған Дәурен Сейтжанұлы қоғамдағы амандасу әдебіне тоқталған. Оның пікірінше, кейінгі уақытта ерлер мен әйелдердің бір-бірімен тым еркін амандасуы жиі байқалады.

«Қарап отырсам, шынымен де кейде қоғамда әдепті сақтамай, бір-бірімен құшақтасып та, белден қысып та, шөлп-шөлп сүйісіп те амандасып жүрген әйелдер мен еркектерді жиі кездестіретін болдық. Ол қаншалықты дұрыс?» – деп сауал тастайды Дәурен Сейтжанұлы.

«Әйел адамдарға “сәлембердік” деп амандасатынбыз»

Автор осы тұста өзінің туған жері Қазалы мен көршілес Арал ауданындағы амандасу дәстүрін мысалға келтірген. Оның айтуынша, бала кезінен ер адамдардың әйелдерге қол созбай, «сәлембердік» деп ізет білдіруі санасына сіңген.

«Туған жерім Қазалы мен көршіміз Арал ауданында әйел адамдарға “сәлембердік” деп амандасатынбыз. Қол алысып жатпайтын едік. Үлкендерден көргеніміз де, үйренгеніміз де – осы. Қандай жарасымды?! Қазір де сол сыйластықтан, сол ізеттен алыстаған жоқ ақұдайларым», – деп жазды ол.

Дәурен Сейтжанұлы ер азаматтың қыз-келіншектерге сыпайылық пен құрмет танытуын құптайтынын, алайда оның да белгілі бір шекарасы болуы керектігін айтады.

Ол әсіресе қоғамдық орындарда, жұмыс барысында немесе түрлі басқосуларда шектен тыс еркін қарым-қатынас жасаудың қажеттілігіне күмән келтірген.

«Қоғамдық жерде, жұмыста, отырыстарда бас салып құшақтасып амандасудың, шектен тыс қалжыңдасудың қажеті қанша?! Ол біреудің жары, кездесіп жүрген аяулысы болуы мүмкін. Көбіне бұл жайт ескерілмейді», – дейді автор.

«Ең бастысы – шекараны сақтай білу»

Журналистің пікірінше, мәселе адамдардың бір-бірімен араласуына немесе еркіндігіне тыйым салуда емес, қоғамдық ортада әдеп пен жеке шекараны сақтауда.

«Сондықтан көпшілік жерде әдепті сақтауымыз керек. Ең бастысы – шекараны сақтай білуіміз керек. Еркіндік пен әдепсіздіктің шекарасынан өтіп кетпесек екен деген базына біздікі. Бұл – бізге жат құбылыс», – деп түйіндеді Дәурен Сейтжанұлы.

Жазбасының соңында автор қазақ халқының амандасуға ежелден ерекше мән бергенін еске салып, көпшілікті өзара сыйластық пен ізетті сақтауға шақырған.

«“Сәлем – сөздің анасы” деген сөз бар. Ең бастысы, сәлеміміз түзу болсын, ағайын!» – деді ол.

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар