Басты жаңалықтар

«Тегіміз қайда, тәрбие қайда?»: Жанарбек Әшімжан қоғамдағы мәдениет мәселесін көтерді

Ақын, публицист Жанарбек Әшімжан қоғамдағы тәрбие, әдеп пен адамдар арасындағы сыйластықтың әлсіреп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол өркениетті қоғам құру ең алдымен әр адамның күнделікті мәдениеті мен қарапайым қарым-қатынасынан басталатынын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ.

Жанарбек Әшімжанның айтуынша, қазақ халқы ежелден адамның тегіне, тәрбиесіне, кісілік қасиетіне ерекше мән берген. Алайда бүгінгі қоғамдағы кейбір көріністер атадан қалған тәлім мен ұлттық тәрбиенің жай-күйі туралы ойлануға мәжбүр етеді.

«Аталарымыз қашанда адамның тегіне, тәрбиесіне ерекше мән берген. “Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады” деген сөз бар. Бәріміз де текті атаның тұқымымыз. Бірақ кейде сол тектілік, атадан қалған өсиет қайда жоғалып барады деп мен ғана алаңдаймын ба десем, ел ішінде де алаңдаушылық бар екен», – дейді Жанарбек Әшімжан.

Ел ішінде тәрбие мәселесі жиі көтеріледі

Ол саяси науқан аясында еліміздің бірнеше өңірін аралаған кезде тұрғындардың әлеуметтік мәселелермен қатар тәлім-тәрбие, мәдениет, дәстүр және адамгершілік қарым-қатынас туралы жиі сөз қозғайтынын байқаған.

Жанарбек Әшімжан бұл мәселенің Жаңаөзенде де, Қызылорда мен Қонаевта да, Алматыдағы кездесулерде де көтерілгенін айтты. 

«Жаңаөзенде егделеу бір ағамыз айтты. Қызылордада орта жастағы кәсіпкер келіншек жанұшырып айтты. Қонаев қаласында көзтаныс энергетик ескертті. Күні кеше Алматыда, Ғылым академиясындағы жиында белгілі ғалым өткізіп, жеткізіп айтты», – дейді ол.

«Сонда тегіміз қайда, тектілігіміз қайда?»

Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желілерде жиі тарайтын қоғамдық орындардағы жанжалдар мен әдепсіз әрекеттерге де назар аударды.

Оның сөзінше, көшеде жаға жыртысқан адамдар, қоғамдық көлікте бір-біріне ауыр сөз айтып жатқан жолаушылар, дөрекілік танытатын жастар мен тойдағы анайы әрекеттер қоғамдағы мәдениет мәселесінің өзекті екенін көрсетеді.

«Бұл қалай болғаны? Сонда тегіміз қайда, тектілігіміз қайда? Тәрбие қайда? Дәстүр қайда? Сыйластық қайда? Ең бастысы – адамгершілік қайда? Сөйте жүріп өркениет, мәдениет туралы асқақ ойларды айтудан жалықпаймыз», – дейді Жанарбек Әшімжан.

Оның пікірінше, өзгенің кемшілігін сынамас бұрын әр адам тәрбиені өзінен бастауы керек.

«Шын мәнінде, өркениет те, мәдениет те тектен, ділден басталмай ма? Өзгенің қателігін айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Алдымен әр адам өзін тәрбиелегені абзал болар еді», – деді ол.

«Қоғамдық мәдениет күннен-күнге әлсіреп бара жатыр»

Жанарбек Әшімжан қоғамдық тәртіп пен мәдениеттің әлсіреуі Мемлекет басшысы деңгейінде де көтерілген мәселеге айналғанын атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін өркениетті мемлекет құру үшін халықтың мәдениеті жоғары болуы керектігін айтып, қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау және өзара құрмет көрсету секілді қағидалардың маңызына тоқталған. 

Жанарбек Әшімжан да өркениетті қоғамның негізін күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден іздеу керектігін айтады. Дұрыс амандасу, айналадағы адамдарға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, көрінген жерге қақырынып-түкірмеу, темекі тұқылын тастамау және өзгенің ала жібін аттамау – соның бір бөлігі.

«Сондықтан өркениетті, дамыған ел боламын десек, тал бесіктен басталатын тәрбиені түзейік, әдеп сақтайық!» – деді ол.

«Жақсы әдетті өзімізден бастайық»

Жанарбек Әшімжан дәстүрдің де уақытпен бірге жаңарып, қоғамға пайдалы тұстары сақталуы қажет екенін атап өтті.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Уақыт көшіне ілескені – бірге жасайды. Ілесе алмағаны – қалады», – дейді ол.

Сөз соңында Жанарбек Әшімжан қоғамдық мәдениетті өзгертуді әр адамның өзінен бастауы керектігін жеткізді.

«Әр ісіміз, жасаған әр амалымыз, әр қадамымыз – қоғамдық мәдениетті көтеруге қосқан үлесіміз. Өзімізден басталған жақсы әдет айналамызға да, бала-шағамызға да оң әсер етеді. Соны ұмытпайық!» – деп түйіндеді Жанарбек Әшімжан.