Біз әлемдік деңгейдегі шоу жасадық, ал Канье жай жүрді - Баян Алгөзова
Танымал продюсер Баян Алагөзова 15 тамыз күні болған Канье Уэсттің концертіне қатысты пікір білдірді. Айтуынша, KeshYou-дің 20 жылдығына ұйымдастырған концертінде отшашуға рұқсат етпеген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Баян Алагөзова Канье Уесттің концертінде отшашуға рұқсат етілгенін, бірақ KeshYou-дің 20 жылдығында рұқсат болмағанын жазып ренішін білдірді.
"Стадионда өткен KeshYou-дің концерті есіме түсіп отыр. Біз отшашу сұрадық, бірақ бізге үзілді-кесілді рұқсат бермеді. Біртүрлі әрі өкінішті. Бізге әлі күнге дейін "Кешіріңіздер, сіздер өзіміздің адамсыздар, сіздерге болмайды" дейді. Ал Каньеге болады екен…Сонда заң алдында бәрі тең, бірақ кейбіреулерге заң жүрмей ме? Оның үстіне, біз шынымен әлемдік деңгейдегі шоу жасадық, ал Канье жай ғана сфераның ішінде жүрді, аса қинала да қоймады”, – деп жазды Баян Алагөзова.
Алайда желі қолданушылары Канье Уэст пен KeshYou-ді мүлде салыстыруға келмейтінін айтты.
Олар “Канье Уэсттің тұлғалық масштабын KeshYou-дің “ән айтатын ішкиіммен” салыстырмай-ақ қояйықшы. “Сіз расымен Канье мен KeshYou-ді салыстырып тұрсыз ба” деп жазған.
Продюсер адамдардың өз жерлестерін «екінші сорт» деп қабылдайтынына қынжылды.
“Канье керемет, ол жүрмеді, қалықтады. Бізге отшашу керек емес, біз “екінші сорттағылармыз” ғой. Мен "екінші сортты” әртістерімнің концертіне дайындықты бастаймын, әрине, отшашусыз. Астанада сіздерді күтемін, билеттер әлдеқайда арзан болады, өйткені біз өзіміздің адамдармыз ғой. Өз адамдарыңды таптай беріңдер", – деп ашынды Баян.