Тас жолда тәртіп бұзбағандар да айыппұл арқалаған
Тас жолда тәртіп бұзбағандар да жазықсыз айыппұл арқалады. Бұған Бас прокуратураның ақпараттық жүйесіндегі техникалық ақау себеп болған. Орташа жылдамдықты қате есептеген жүйенің кесірінен Ішкі істер министрлігіне шағымданғандар көбейді. Жауаптылар аталған мәселеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Тамыздың 13-і мен 14-і күндері Бас прокуратураның «ЕРАП» ақпараттық жүйесінде ақау болған. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру заңбұзушылық ретінде қате тіркеліп, жүргізушілерге үлкен көлемде айыпұл жіберген. Әкімшілік полиция комитеті бұл үшін мекеме табалдырығын тоздырудың да, әкімшілік жазаны өтеудің де қажеті жоқ екенін айтады. Қате жазылған айыппұлдардың барлығы автоматты түрде өзі жойылады. Қазір жауапты орган техникалық ақауды ретке келтіріп жатыр.
Мұрат Қабденов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы: — Тағы да атап өтеміз, мәселе тек тасжолдарда аталған техникалық ақау салдарынан қате рәсімделген айыппұлдар туралы болып отыр. Ал, мұндай айыппұлдарды төлеп қойған жүргізушілерге қаражатты қайтару мәселесі қазір пысықталып жатыр. Жағдай қазір бақылауда.