"Шашы қоқым-қоқым, аяғы сырылған": "Барни" үшін өлтірілді деген жас келіншектың құрбысы сұмдық жағдайды баяндады
Жамбыл облысында 19 жастағы Өзбекстан азаматы Мадина Рашидқызының өліміне қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Марқұм Меркі ауданында күйеуімен бірге шамамен екі жыл тұрған. Артында сегіз айлық сәбиі қалды.
Құрбысының айтуынша, Мадина отбасындағы жанжалдар туралы бұған дейін де бірнеше рет айтқан. Қайтыс болардан аз уақыт бұрын Мадина құрбысына күйеуімен тағы жанжал болғанын және ажырасқысы келетінін айтқан.
«Бір дана Барни үшін ұрыстық. Қатты ұрып жіберді. Балама алып келіпті. Содан біреуін жеп едім, «неге жейсің, балама алып келдім» дейді. Басы ойын болған, сосын ұрыс болып кетті», – деп жазған Мадина құрбысына.
Келесі күні марқұм жиналған заттарының суретін құрбысына жіберіп, 15 мың теңге қарыз беруін сұраған. Бірақ көп ұзамай оның қайтыс болғаны белгілі болған. Құрбысы оның өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Өйткені сөзінше, марқұмның денесінде жарақаттар бар.
«Мадинаның денесінің сау тамтығы жоқ. Шашынан сүйреп, асып қойған сияқты. Шыны керек, өзін өлтірген адамға ұқсамайды. Шашы қоқым-қоқым, аяғы сырылған. Анасына «өлемін» деп видео жіберген. Бірақ ол видеоны да өзі емес, күйеуі мәжбүрлеп жіберткен болуы мүмкін деп ойлаймын», – деп жазды марқұмның құрбысы Threads желісінде.
Ол Мадинаның жаназасына күйеуі де, оның жақындарының арасынан да бірде-бір адам қатыспағанын айтады. Сонымен қатар марқұмның күйеуінің әлі де бостандықта жүргенін айтады.
Ал Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің адамды суицидке жеткізуге қатысты бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазір полицейлер жас келіншектің өліміне қатысты барлық мән-жайды анықтап жатыр. Тергеу барысында оның өліміне не себеп болғаны, денесіндегі жарақаттардың қалай пайда болғаны және оқиғаға басқа адамдардың қатысы бар-жоғы анықталуы тиіс.