Air Astana және FlyArystan Дубайға рейстерді тоқтату мерзімін тағы да ұзартты
Қазақстандық әуекомпаниялар Air Astana және FlyArystan Дубайға рейстерді тоқтату мерзімін тағы да ұзартты. Шектеулер 30 қыркүйекке дейін созылады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға рейстерді 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін орындамайды.
"Қазан айында аталған бағыттар бойынша ұшу кестесіне өзгерістер енгізіліп, рейстер жиілігі қысқартылды. Жолаушылар билеттерін 2026 жылғы 20 қарашаға дейінгі рейстерге сол брондау класы бойынша тегін қайта рәсімдей алады. Сондай-ақ билетті сатып алған жерден оның толық құнын қайтарып ала алады немесе тариф айырмашылығын төлей отырып, билетті Air Astana-ның басқа халықаралық бағыттарына ауыстыра алады", - делінген хабарламада.
FlyArystan әуекомпаниясы да Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерді уақытша тоқтату мерзімін 2026 жылғы 30 қыркүйекке (қоса алғанда) дейін ұзартылғанын мәлімдеді.
"Бұл шешім Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайдың сақталуына байланысты қабылданды. Бұған дейін әуекомпания рейстердің 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін уақытша тоқтатылғанын хабарлаған болатын. Қазіргі уақытта Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша билеттер 3 қазаннан бастап қысқы ұшу кестесі аясында қолжетімді. Әрі қарай өзгерістер болған жағдайда қосымша ақпарат беріледі", - делінген хабарламада.
Рейстері тоқтатылған жолаушыларға кейінгі рейстерге қайта брондау немесе билет құнын сатып алған жері бойынша айыппұлсыз толық көлемде қайтару ұсынылады.