Қоғам

Атырауда мұғалім мектеп өзін еден жууға мәжбүрлегенін айтты

Атыраудағы мемлекеттік мектептердің бірінде тәжірибелі педагог әлеуметтік желідегі Санджина парақшасында мектеп әкімшілігі тарапынан өзіне жасалған қысымды ашық айтып шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Педагогтың айтуынша, жаңа оқу жылының алдында оны мектеп кабинетін жөндеуді талап еткен. Мұғалім бір апта бойы еден жуып, шаң сүртіп, қабырғаларды әктеуге мәжбүр болған. Ол бұл қадамға жанжал шығармау үшін және оқушыларының нашар жағдайдағы сыныпта отырғанын қаламағандықтан амалсыз келіскен.

Жөндеуге және тазалыққа қажетті жуғыш құралдар мен шүберектерді мұғалім өз ақшасына сатып алған.

Еңбек демалысында жүргеніне қарамастан, мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары мұғалімге тиісуді тоқтатпаған. Ол мұғалімнен баспалдаққа шығып, төбедегі электр плафондары мен люстраларды жууды талап еткен.

Мұғалім өмірге қауіпті бұл жұмыстан бас тартқанда, оқу меңгерушісі «Үйіңізде люстра жумайсыз ба? Стремянка деген құрал бар, соны қолдануға кеңес беремін» деп жауап қайтарған.

«Мен мұғалім болып жұмыс істегім келеді. Оқушыларымның жетістіктері бар, өз ісіме бар жанымды саламын. Педагог ретіндегі еңбегімді бағалаудың орнына, неге мектепті жөндеп, плафон жумауым керек екенін дәлелдеп жүргеніме ішім ашиды. Мен жұмыстан қашпаймын, бірақ өз мамандығыма жатпайтын әрі өміріме қауіпті істі істеуден бас тартамын», - дейді педагог.

Желіде бұл оқиға фото-дәлелдерімен тарап, үлкен резонанс тудырғаннан кейін Атырау облыстық білім басқармасы ресми түрде үн қосты.

Басқарма өкілдері аталған факті бойынша арнайы қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді.

«Әлеуметтік желілерде педагогтерді білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау жұмысына тарту туралы ақпарат тарап жатыр. Осыған байланысты Атырау облысының Білім басқармасы аталған фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Мұғалімдердің еңбек құқықтары Еңбек заңнамасы мен «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес қорғалады. Тексеру барысында мұғалімдерді заңсыз жұмысқа тарту фактілері анықталса, жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қолданылады», - делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар, Білім басқармасы тексерістің соңғы нәтижелері қосымша жарияланатынын және педагогтердің құқықтарын қорғау мәселесін тұрақты бақылауда ұстайтынын жеткізді.