Алматы облысында ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен адам қағып қашып кеткен
Алматы облысында "Азаматтарға арналған үкімет" филиалының қызметкері қызметтік көлікпен адам қағып кеткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды. Жазба авторы ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткенін айтқан.
"Қызметтік көлік СТО-дан табылды. Негізі қызметтік көлік әр кеш сайын таңға дейін ХҚКО-да тұруы керек, бірақ оны үш күн бойы жасырып келген", – делінген жазба.
Алматы облысы Полиция департаменті адам өлімімен аяқталған жол апаты дерегін растап, 26 жастағы жүргізушінің ұсталғанын хабарлады.
Полицияның алдын ала мәліметінше, апат 11 тамызда сағат 20:00 шамасында Еңбекшіқазақ ауданындағы Алматы – Шелек – Қорғас – Байсейіт тасжолында болған.
"Kia Sorento автокөлігінің жүргізушісі белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпек болған 77 жастағы әйелді қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті", – деп хабарлады полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.