Қоғам

Қазақстанда шілде айында болған ыстық 111 жыл бұрынғы орнатылған рекордты жаңартты

2026 жылдың шілде айы ыстықпен және температуралық рекордтармен есте қалды. Түркістанда ауа температурасы +47,6 градусқа дейін көтерілсе, Шымкентте 111 жыл бұрын орнатылған рекорд жаңарды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

"Қазгидромет" мәліметінше, шілдеде Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-4 градусқа жоғары болған. Жауын-шашын мөлшері көптеген өңірде норма шамасында немесе одан төмен болса, жекелеген аудандарда әдеттегіден 1,3-4 есе көп жауған.

Түркістан облысындағы Жетісай қаласы ерекше көзге түсті. Онда бір айдағы жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан 15 есе асып кетті. Айта кетерлігі, бұл өңірдегі норма небәрі 1 миллиметрді құрайды.

Шілде айындағы температуралық рекордтар тек оңтүстікте ғана емес, сонымен қатар еліміздің солтүстік, шығыс және орталық аймақтарында да тіркелді.

Алматыда ең ыстық кезең 16-20 шілде аралығы болды. Осы күндері бірнеше температуралық рекорд бірінен соң бірі жаңартылды:

  • 16 шілдеде температура +38 градусқа дейін көтерілді - бұл +37 градус болған 2015 жылғы көрсеткіштен жоғары,
  • 17 шілдеде ауа +39,2 градусқа дейін ысыды. Осылайша +37,4 градус болған 1945 жылғы рекорд жаңарды,
  • 18 шілдеде Алматыда +40 градус тіркелді. Бұл көрсеткіш 1997 жылғы рекордтан (+39,7 градус) асып түсті,
  • 20 шілдеде температура +41,5 градусқа жетті. Бұған дейінгі 2007 жылғы рекорд +39,5 градус болатын.

Осылайша, бірнеше күн ішінде қалада бірден төрт температуралық рекорд жаңарды.

Шымкентте одан да жоғары температура байқалды. 16-20 шілде аралығында ауа температурасы +45,2 градусқа дейін көтерілді. Атап айтқанда, 16 және 17 шілдедегі 1915 жылғы рекордтар (+41,1 және +40,1 градус), сондай-ақ 19 және 20 шілдедегі 2019 жылғы рекордтар (+40,2 және +40,7 градус) жаңарды.

14 шілдеде Астанада температура +38,6 градусқа дейін көтерілді. Бұл +35,3 градус болған 1992 жылғы рекордтан жоғары.

Елдің шығысында 2 шілдеде Өскеменде +34,4 градус тіркелді - бұл 1969 жылғы рекордтан (+33,9 градус) жоғары. 16 шілдеде температура +39,7 градусқа жетіп, 1969 жылғы көрсеткіштен (+37,2 градус) асып түсті.

Қызылордада +45,2 және Түркістанда +47,6 градус

Экстремалды аптап Қызылорда мен Түркістанға да жетті. 17 шілдеде Қызылордада температура +45,2 градусқа жетіп, 2015 жылғы рекорд (+43,6 градус) жаңарды.

18 шілдеде Түркістанда ауа +47,6 градусқа дейін ысыды. Бұған дейінгі 2019 жылғы рекорд +43,7 градус болатын. Осылайша, жаңа рекорд пен бұрынғы көрсеткіштің айырмашылығы 3,9 градусты құрады.